- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрлан Ермекбаев жастарға...
Нұрлан Ермекбаев жастарға діни білім алу үшін мешіт имамдарына жүгінуді ұсынды
ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып қайтты, - деп хабарлады primeminister.kz сайты.
Сапар барысында Н. Ермекбаев Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі діни ахуал және осы саланы реттеуде мемлекет тарапынан іске асырылып отырған шаралар, өңірлік деңгейде азаматтық қоғам институттарын қолдау және мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға жәрдемдесу мәселелері талқыланды.
Үкіметтік емес ұйымдармен өткен кездесу барысында Н. Ермекбаев қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудегі «үшінші сектор» институттарының рөліне тоқталып өтті және оларды діни экстремизмнің алдын алу шараларына белсенді қатысып, жобаларды тиісті әлеуметтік топтардың өзекті мәселелерін шешуге бағыттауға шақырды.
Министр жергілікті атқарушы органдарды өз бюджеттерін және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс лоттарының тақырыптарын қалыптастыру кезінде, ҮЕМ-мен байланысу және әкімдердің халықпен есептік кездесулері барысында тұрғындар тарапынан айтылған әлеуметтік өтініштерін есепке алудың қажеттілігіне баса назар аударуға шақырды.
Қаланың студенттерімен өткен кездесуде ведомство басшысы жастардың дамуы үшін қолайлы жағдайлар тудырудағы мемлекет тарапынан іске асырылып отырған жүйелі қолдауларға тоқтала отырып, жастарды түрлі деструктивті ағымдардың әдістері мен әрекет ету тәсілдерін айыра білуді үйренуге шақырды. Діни білім алу үшін мешіт имамдарына жүгінуді ұсынды.
Министр осы күні Ақтөбе облысының Алға ауданына іссапармен барып, «Ақтөбе» медресесінің қызметімен танысты.
Н. Ермекбаев «Аңсар» ақпараттық-ресурстық орталығының қызметімен танысып, облыстың теологтарымен және мешіт имамдарымен кездесті. Министр мемлекеттің зайырлылығының конституциялық қағидаттарын сақтаудың және күшейтудің қажеттілігін баса айтты.
Сапар қорытындысы бойынша жергілікті деңгейде радикалдық ағымды ұстанушалар мен олардың отбасы мүшелерін дерадикалдандыру мен оңалтуға бағытталған өңірлік бағдарламаны қабылдау арқылы осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша кешенді шараларды қабылдаудың жүйелік жұмыстарын жалғастыру мен өңірдегі мешіттерге білікті теологтарды тарту мәселелерін шешу ұсынылды.
Министрліктің Дін істері комитеті тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстары аясында 2016 жылдың басынан бастап Ақтөбе облысында 1 750-ден астам шара өткізіліп, онымен 54 мың адам, соның ішінде жазаларын өтеуші 1 300 адам қамтылған.
Дін істері басқармасы мен Жастар істері басқармасына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.