Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында, "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында алғаш рет сұхбат беріп, марқұм қоғам қайраткері жолдасы Заманбек жайлы, бірге өмір сүрген жылдардағы отбасылық өмірлері туралы айтты. Ол Заманбек Нұрқаділов тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қандай қарым-қатынаста болғанын да мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұрбике Нұрқаділова Нұрсұлтан Назарбаевпен де, жұбайы Сара Назарбаевамен де жақсы араласқандарын жеткізді.
"Нұрекеңмен де, Сара апаймен де шай ішіп жүрдік. Жақсы араласатынбыз. Парадтан көреміз. Содан кейін Медеу жақтағы стадионда жарыстар болады. Сол жерге барады. Наурыз кездерінде шай ішкен суреттеріміз бар. Сөйтіп араласып жүрдік. Нұрекең Зәкеңді өте сыйлайтын. Біз де ол кісілерді қатты сыйладық. Ауруханаға барамыз. Сонда бір кабинетке Сара апа, мен барамын. Зухра апалар барады. Бізді дәрігерлер шақырып, "ауруы жоқ па" деп өткізіп тұратын. Сол жерде де амандасып жүретінбіз. Сәлеміміз дұрыс болды", - деді ол.
Марқұм қоғам қайраткерінің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова Сара Назарбаевамен олар Астанаға көшкенше араласқанын айтты.
"Ол кісіге баға бере алмаймын. Барлығы - бұйрық. Қыздары бар, балалары бар. "Президенттің әйеліне жарамайды" деуге болмайды ғой. Ол - маған өте күнә. Жақсы жақтарын ғана айта аламын. Басқа мінез-құлықтарын көрген жоқпын. Медеу жақта басымызға су құйдық. Шынығып жүрдік. Төбемізден мұздай су құйып жүрдік. Оны Сара Назарбаева бастаған. Ол кісілер Астанаға кеткенше араластық. ... Олар біздің үйге келмеді. Наурызда кездескен кезде бір жерден шай ішіп жүрдік. Сосын ол кісі Президенттікке сайланған кезде тау жақтағы Резиденциясына бардық. Министрлер келді, депутаттар отырды. Шай іштік. Президент болмай тұрғанда онша қатынасқан жоқпыз. Президент болғаннан кейін қатынасқан. Зәкең әкім болғаннан кейін қатынастық", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!