- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрбек Оралбай Олимпиаданың...
Нұрбек Оралбай Олимпиаданың ішкі өмірі жайлы айтып берді
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай "Түнгі студия" бағдарламасына берген сұхбатында Олимпиададан алған әсері жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Олимпиада бөлек екен. 4 жылда бір келеміз ғой. Басқа жарыстар сияқты болатын шығар деп ойладық, бірақ мүлдем бөлек екен. Онда бүкіл әлемнің ең мықты спортшылары жүреді. Бәріміз бір жерде жатамыз, бір жерде тамақ ішеміз. Күшіміз - бірлікте. Арамыздан біреу медаль алса, мысалы, бірінші Елдос ағамыз алтын медаль алғанда бәріміз ол үшін шын қуандық. Ол жарыстан келген кезде бірге күтіп алып, құттықтадық. Ол "алтынмен бастадық, енді алтынмен аяқтайық" деді. Ол жақтың өзінің ерекше атмосферасы бар. 85 бала бардық, бәріміз бірге болдық.
Мұндай ашылу салтанаты бірінші рет болып тұр. Көңілімнен шықты. Командамен бірге болдық. Стадионнан шықсаң, көп жүріп қаласың, көп күтіп тұрып қаласың. Ал бұл жолы біз отырдық, демалдық, әңгіме айттық. Бұл бір жағынан спортшыларға жақсы болды, көп шаршамайсың, энергияң көп кетпейді", – деді спортшы.
Спортшы Олимпиада финалында жеңіліп қалғаннан кейін оған Геннадий Головкин ақыл-кеңес бергенін айтты.
"Жеңіліп қалғаннан кейін Гена ағамыз келіп, "Нұрбек, бұл күмісті мен де алғанмын, 2004 жылы алтын алған кезде мен мұндай болмаушы едім деп ойлаймын. Сол үшін мұнымен тоқтама, бәрі алда" деді. Оның сол сөзі маған үлкен мотивация болды", – дейді Нұрбек Оралбай.
Еске салайық, боксшы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз финалда украиналық Александр Хижнякқа жол берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова