Нұрайдың өліміне қатысты іс: видео тарап кетуіне байланысты полицияға іс қозғалды

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс материалдарындағы видео желіде тарап кетуіне байланысты полиция қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін әлеуметтік желілерде марқұм Нұрай Серікбайдың видеосы тарады. Кейін бұл кадрларды Шымкенттің бұрынғы полиция қызметкерлері жариялады деген болжам жасалды.

Видеода Нұрай Серікбай өзін мәжбүрлеп тұрмысқа алу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өзі отырғанын айтқан. Сондай-ақ, Нұрай ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізген.

ІІМ не дейді?

29 қаңтарда Сенат дәлізінде журналистер Игорь Лепёхадан полиция қызметкерінің мұндай әрекет жасауға құқығы болған-болмағанын сұрады.

"Мұндайға құқығы болған жоқ. Іс қозғалды. Әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - деп жауап берді ол.

Нұрайдың өліміне қатысты іс

Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды. 

Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.

Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.

Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!