Нұрайдың өліміне қатысты іс: Шымкент полициясының басшысы қызметінен босатылды

Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұм қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамауы бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.

"Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.

Сонымен қатар, қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік шаралар қабылданған.

"Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды", - деп жазылған хабарламада.

Ведомство мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылған.

Айта кетейік, Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.

"Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза табуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан аса өтініш түсті. Күдікті Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деді Тоқаев.

Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!