Нұрайдың өліміне қатысты іс: Шымкент полицейлеріне қылмыстық іс қозғалды

Нұрайдың өліміне қатысты іс: Шымкент полицейлеріне қылмыстық іс қозғалды
Фото: otyrar.kz

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сенат дәлізінде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жәбірленуші өтініш білдірген кезде өтінішті тіркемеген қызметкерлерге қатысты іс тергеліп жатыр.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Іс қылмыстық істі тіркеу және күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылдамаған қызметкерлерге қатысты", - деді ол.

Санжар Әділовтің айтуынша, бірінші кезекте аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғалары жауапты. Сондай-ақ, тергеу аясында қалалық Полиция департаментінің басшылығына құқықтық баға беріледі.

Нұрайдың өліміне қатысты іс

Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Massaget.kz жаңалықтар сайты (@massaget.kz)

Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.

Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.

Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget