Шымкент Полиция департаменті өкілдері Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс қалай жүргізіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысы бақылауда.
"Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыс анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеуді жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады", - деді ПД өкілі.
Тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста екені айтылды. Полицияның мәліметінше, үздіксіз байланыс қамтамасыз етіліп, қабылданған процессуалдық шешімдер бойынша түсінік беріліп, заңда белгіленген тәртіппен тергеу барысы туралы ақпарат жеткізіліп отыр, сараптама қорытындылары мен іс материалдары түсіндіріліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін күдікті психикалық емдеу орталығына жатқызылғаны хабарланды.
Еске салайық, 2026 жылы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды.
Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.
Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.
Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!