Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша тергеу барысы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, күдікті қазір Алматы облысы Ақтас ауылындағы арнаулы психиатриялық ауруханада жатыр. Ал қылмыстық іс бойынша сараптамалар жүргізіліп жатыр.
"Сараптама жүргізілгеннен кейін бір ай ішінде қылмыстық іс сотқа жіберіледі және ол жауапқа тартылады. Бұл мәселе бойынша ешқандай алаңдаушылық болмауы керек", - деді министрлік өкілі Сенат дәлізінде.
Айта кетейік, бұған дейін күдікті психикалық емдеу орталығына жатқызылғаны хабарланды. Кейін полиция күдікті неге психикалық орталыққа жатқызылғанын түсіндірді.
Нұрайдың өліміне қатысты іс
Еске салайық, 2026 жылы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.
Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.
Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова