Нұрайдың өліміне қатысты іс: жәбірленуші тарап мәлімдеме жасады

Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Дегенмен жәбірленуші тарап мұнымен келіспейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, қылмыстық іс құжаттарымен танысу барысында көптеген кемшілік пен қаралмаған өтініш анықталған. Адвокат істі тергеу үшін кері қайтаруды сұрап, прокуратураға шағым түсіргенін айтты.

"Зерделегеннен кейін бізде бірқатар сұрақ туындады. Яғни іс бойынша біздің қаралмай қалған өтінішхаттарымыз бен елеулі кемшіліктер анықталды. Соның бәрін жинақтап, прокурорға шағым келтірдім. Шағымда сол кемшіліктің бәрін көрсетіп, орнын толтыру үшін істі қайта тергеуге қайтаруды сұрадым. Алайда бүгінге дейін бұл шағымға әлі жауап келген жоқ. Қазір қылмыстық іс тергеу әрекеті аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберілді", - деді адвокат Аянхан Омаров.

Марқұмның жақындары Бас прокурордан істі қатаң бақылауды сұрады.

"Үндеуді Бас прокурор мырзаға жіберген болатынбыз. Яғни осы шағымдардың негізгі мақсаты - үш бап бойынша бекіту: "Сталкинг", "Алып қашу" және "Аса қатігездікпен адам өлтіру". Өйткені қазір материалдар зерттелуіне байланысты бұл баптар өзгеруі мүмкін, біз содан қауіптеніп отырмыз. Өйткені прокуратура бекітіп берген нәрсе сот барысына тікелей әсер етеді", - деді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай. 

Нұрайдың өліміне қатысты іс

Еске салайық, 2026 жылы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды. 

Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.

Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.

Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!