Нұрай Серікбайдың туыстары айыпталушыдан 10 млрд теңге өндіруді сұрады

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сот барысында марқұмның туыстары айыпталушыдан 10 миллиард теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отбасының адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, Нұрайдың жерлеу рәсімдері, ас беру, ескерткіш қою, көлік, заңгерлік қызметтер және тергеу мен сот процесіне қатысу шығындарына жалпы 14 739 065 теңге жұмсалған. Осыған байланысты жәбірленуші тарап бұл соманы материалдық шығын ретінде өндіріп беруді сұрады.

Адвокаттың сөзінше, ата-анасы жалғыз қызынан, ал ағалары сүйікті қарындасынан айырылған. Сондықтан моральдық зиянды ешқандай қаражатпен өтеу мүмкін емес.

"Қандай көлемде өтемақы талап етілсе де, ол Нұрайды қайтара алмайды және отбасының қайғысын жеңілдетпейді", - деді адвокат.

Сонымен қатар, ол сот талапты қанағаттандырған жағдайда моральдық өтемақы ретінде өндірілген 10 миллиард теңге толық қайырымдылыққа жұмсалатынын мәлімдеді.

Қазір сот процесі жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!