Биыл қаңтарда кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісі 6 айдан соң сотқа жолданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, прокурор күдіктіге қатысты айыптау актісін түзіп, істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған. Дегенмен адвокат бұған дейін прокуратураға жолданған өтінішхат тек ішінара қанағаттандырылғанын айтты.
"Бұл аса ауыр санаттағы іс болғандықтан, мамандандырылған сот қарайды. Іс үш баппен жолданды. Олар - аса қатігездікпен кісі өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу бабы. Келесі аптада ең алғашқы сот отырысы басталып қалуға тиіс", - деді адвокат Аянхан Омаров.
Марқұмның туыстарының ендігі талабы - сот отырыстарының онлайн көрсетілімі.
"Күтетініміз - сот отырысының онлайн форматта өтуі. Өтінішхат жіберіп қойдық, соттың жауабын күтіп отырмыз", - деді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Нұрайдың өліміне қатысты іс
Еске салайық, 2026 жылы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жақындарының айтуынша, күдікті қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.
Президент 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Нұрайдың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірді.
Осылайша Шымкент полициясының басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін жұмыстан шығарылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова