21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаза тапқан қыздың отбасы атынан өкілдік ететін адвокаттың айтуынша, жәбірленуші тарап алдағы сот отырыстарына дайындалып жатыр.
"Нұрайдың ісі бойынша сотталған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді. Мен оны зерделеп, өз қарсылығымды білдіремін. Енді жақын арада апелляциялық сот отырыстары өтеді", – деп жазды Аянхан Омаров Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұған дейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай туыстарының бірінші сатыдағы сот үкімімен толық келісетінін мәлімдеген еді. Отбасы Шерхан Аймаханға тағайындалған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының өзгеріссіз қалуын талап етіп, бұл ұстанымын жоғары тұрған сот сатыларында да қорғауға дайын екенін айтқан.
Еске сала кетейік, 13 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 28 жастағы Шерхан Аймаханға үкім шығарды.
Ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің үш бабы – "Аса қатыгездікпен адам өлтіру", "Некеге тұруға мәжбүрлеу" және "Сталкинг" бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді.
Сонымен қатар сот сотталған азаматты марқұмның отбасына моральдық зиян үшін 25 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Қайғылы оқиға биыл 11 қаңтарда Шымкентте болған. Сот материалдары бойынша, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды ұзақ уақыт бойы аңдып, оны өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеуге тырысқан.
Ол бірнеше күн бойы қызды үйінің маңында күтіп жүрген. Кейін Нұрайға 35 рет пышақ жарақатын салған. Студент алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!