- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұр-Сұлтанның барлық мектеп...
Нұр-Сұлтанның барлық мектеп оқушысы бірыңғай форма киеді
Нұр-Сұлтанның барлық мектебінде бірыңғай форма енгізілді, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
"Білім саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын сақтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық білім беру ұйымында оқушыларды бірыңғай қою көк түсті мектеп формасына көшіру енгізілді.
Бірыңғай мектеп формасы бекітілгеннен кейін қала мектептерінің басшылары ата-аналарды жалпы мектептік ата-аналар жиналысына шақырып, формамен таныстырады", - делінген басқарма сайтында.
Ата-аналар мектеп формасын өз қалауы бойынша таңдайды. Ең бастысы, сатып алынған форма төменде жазылған талаптарға сәйкес келуі керек.
Мектеп формасының түсі - қою көк, стилі классика.
Ұлдарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, ақ жейде, күнделікті ақ жейде. Суық мезгілде киетін тоқылған кардиган. Ұлдарға арналған шалбар - еркін, кең, аяқтың тобығын жауып тұратындай болуы керек.
Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, түймелі тоқылған кардиган (бомбер), классикалық блузка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка). Еркін, кең тұратын, аяқтың тобығын жауып тұратын қыздарға арналған шалбар. Белдемшенің ұзындығы тізеден 5 сантиметр аспауы тиіс.
Мектеп формасына түрлі діни конфессиялардың элементтерін енгізуге болмайды.
Мектеп формасына орта білім беру ұйымдарының эмблемасы, жапсырма орналастырылады. Эмблеманың эскизін мектеп сайтынан жүктеуге болады.
Г. Досымшалова