Ауаның орташа температурасы бес тәулік бойы +10 градустан жоғары болса, жылу беру тоқтатылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық мәслихаттың 2014 жылдың 27 маусымындағы «Жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары туралы» шешіміне сәйкес, ауаның орташа температурасы бес тәулік бойы +10 градустан жоғары болса, Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқарушы органы жылу маусымын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Энергия беруші ұйымдар үш күн ішінде БАҚ арқылы жылу маусымының аяқталуы және жылу жүйесін өшіру қажеттілігі туралы тұрғындарға хабарлап, жылу жүйесін өшіру туралы акт рәсімдейді. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін тұтынушылар, орталық жылу жүйесін ажыратып (қажет болған жағдайда бітеуіштерді орната отырып), жазғы схема бойынша ыстық сумен жабдықтау жүйесі жұмысын қамтамасыз етуі қажет. Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін және олар аяқталғаннан кейін орталық жылу жүйесі сумен толтырылуы керек.