- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұр-Сұлтанда Журналистер үйі...
Нұр-Сұлтанда Журналистер үйі ашылады
Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің "BAQ KASIPODAQ" салалық кәсіподағының төрағасы Зейін Әліпбек Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен кездесті.
Кездесу барысында журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда, әлеуметтік жағынан аз қамтылған журналистердің баспанамен қамтылуына септесу жолдары қаралды.
Әкімдік пен кәсіподақ осы бағытта бірлесіп жұмыс істейтін болып келісті. Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы елордада Журналистер үйін ашу жайын көтерді.
"Қазір журналистердің бас қосып, өздерінің мәселелері мен ұсыныстарын, идеяларын талқылайтын арнайы жеке орны жоқ. Мұндай орталық қалам ұстаған қауымның ынтымағын арттыра түсер еді", - деді Зейін Әліпбек. Бұл ұсынысты қолдаған қала әкімі қаладан орынжай қарастыратынын айтты.
Кәсіподақ басшысы тарапынан жасалған аталған ұйым мүшелерінің қаладағы спорттық нысандар қызметін тегін пайдалануына жағдай жасау туралы ұсыныс та әкім тарапынан қолдау тапты.