Нұр-Сұлтанда әйелге шабуыл жасап, мойнындағы алқасын жұлып алған қарақшы ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, күдікті қоғамдық көлікте 62 жастағы әйелдің мойнындағы үлкен алтын алқаны байқаған. Әйел автобустан түскенде ер адам оның соңынан еріп, бірге үйдің кіреберісіне кіреді. Жәбірленуші баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда, оған шабуыл жасап, мойнындағы алқасын жұлып алған. Қылмыс бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Қарақшы сол күні ломбардқа 300 мың теңге тұратын әшекейді 140 мың теңгеге өткізіп жіберген.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 30 жастағы ер адам болып шықты.
"Тонау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша тергеу изоляторына қамалды. Заттай айғақ ломбардтан тәркіленіп, иесіне қайтарылды.