Нұр-Сұлтанда бет-әлпетті сканерлеп жол ақысын төлеуге болатын Face Pay жүйесі жасалды. Ол Нұр-Сұлтандағы "Astana LRT" конференциясында таныстырылды.
"Бұл – адамның фотосуретіндегі биометрия арқылы жасалған төлем жүйесі. Біз Telegram-да бот жасап шығардық. Оған ЖСН нөмірін тіркеп, селфи жіберу керек. Кейін автобус картасын қосып, жүйеге кіру керек. Ары қарай қолданушы өз мәліметтерін қолдануға рұқсат береді. Кейін қолданушының смартфоны немесе төлем картасы болмаса, бет-әлпетімен-ақ билет ала береді", - дейді "IPay" құрылтайшысы Алмас Айменов.
Оның айтуынша, деректер қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ.
"Біз қауіпсіздік критерийін басты назарға алдық. Біздің жүйе адамды 95 процентке дейін дәл анықтайды. Егер ол 80 проценттен төмен болса, адамды камераға қайта қарауын сұрайды. Жүйе жолақы төлемегендерді ұстау үшін емес, жолаушылардың ыңғайы үшін жасалған", - дейді Алмас Айменов.
Егер жолаушы дәл осы төлем түрін пайдаланса, оның фотосуреті жүргізушінің мониторына шығады.
"Бәлкім, бұған ұқсас жүйе бар шығар. Бірақ біздікінде төлем жасау мүмкіндігі бар. Face Pay бастан-аяқ Қазақстанда жасалған", - дейді Айменов.
Face Pay жүйесі осы аптадан бастап автобустардың екі бағытында тестілеу режимінде іске қосылмақ.
Еске салайық, осыған дейін Astana LRT қоғамдық көліктердегі жолақыны Visa банк карталары арқылы төлеу мүмкіндігін енгізген еді.
Нұр-Сұлтан қоғамдық көліктерінде жолақыны банк картасымен төлеуге болады