Әскери міндеттілер блок-бекеттерде қызмет етіп, көшелерді күзетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Еріктілердің тағы бір ағымы міндетті медициналық тексеруден өтті. Әскери қызметке жарамды адамдар төтенше жағдай режим қамтамасыз ету аясында блок-бекеттерде қызмет етеді, елді-мекендер мен инфекция ошақтары бар қала нысандарын күзетеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Ақжолтай Уәлиахметов.
«Мен әскери есепке алу және шақыру бөліміне өз еркіммен келдім. Медициналық тексерістен өтіп, қызметке жарамдылар қатарына қосыламын деп ойлаймын. Әрбір әскери қызметкер жауапкершілік танытып, қиын уақытта өз еліне көмек көрсетуі керек», - дейді запастағы әскери қызметкер Ерсайын Балғабаев.
Айта кетейік, 3 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Арнаулы жиын өткізілген кезде әскери қызметке шақырылушылар тамақпен, киім-кешек және жалақымен толық қамтамасыз етіледі.
Нұр-Сұлтан қаласындағы арнаулы әскери дайындыққа барғысы келетіндер 32-70-80 телефон нөмері арқылы қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге қоңырау шала алады.