Нұр-Сұлтанда 3 жасар бала 13-қабаттан құлап қайтыс болды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға кезінде баланың анасы үйде болған.
"5 шілдеде кешкі сағат 21:57-де көпқабатты тұрғын үйдің 13-қабатынан 3 жасар қыз дүкеннің күнқағарына (козырек) құлады. Алған жарақаттан сәби оқиға орнында мерт болды. Оқыс оқиға кезінде баланың анасы үйде болған", - делінген қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Елорданың ювеналды полиция инспекторлары балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кету деректеріне жол бермеу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жиі өткізіп тұрады.
"Жазатайым оқиғалардың дені ата-аналардың балалардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарауымен байланысты. Бала ересектердің назарынан тыс қалып, терезе ашық қалған жағдайда құлау қаупі жоғары", - дейді ведомстводан.