Нұр-Сұлтанда жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі штаб құрылды. Мұнда ақысыз еңбек демалысына жіберілген азаматтарға әлеуметтік жәрдемақының төленуіне қатысты онлайн кеңес алуға болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінгі таңда штабтың қарауында 3 885 жұмыскерді ақысыз еңбек демалысына жіберген жұмыс берушілер тарапынан 1104 арыз жатыр. 224 жұмыс беруші тарапынан МӘСҚ төлемдерін алуға 1099 жұмыскер жіберілді.
Елорда әкімдігінде белгілі болғандай, қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда ақысыз еңбек демалысына жіберілген азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 айлық жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындау шаралары басталған.
Штаб құрамында аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіподақ, мемлекеттік кірістер комитеттерінің, сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, қалалық орта сапасы мен бақылау басқармаларының өкілдері бар.
Төтенше жағдай кезінде мемлекеттен 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемақы алуға алғашқылардың бірі болып Бубновский медициналық клиникасының қызметкерлері өтінім берген.
«Біздің мемлекет кәсіпкерлерге көмек беруге қатысты дұрыс шешім қабылдады. Біз өтінімді жедел түрде жолдадық. Екі сағат ішінде қандай құжаттарды дайындау керектігін білдік. Біздің қызметкерлер кешеден бері аталмыш жәрдемақыны алып жатыр. Біздің Президентімізге осындай көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл – дер кезінде жасалған жедел көмек», –деді клиника басшысы Е.Адасбаев.
Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты кірісінен айырылған азаматтарға 1 айлық жалақы мөлшерінде жәрдемақыны төлеуге қатысты шараларды жүзеге асыра бастауды тапсырған болатын.
Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырғынаны айтты. «Соған орай, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі», - деді ол.