«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы nurotan.kz порталы хабарлады.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қабылдауды бейнеконференция форматында өткізді. Энергетика министрлігінің басшысы тыңдаған мәселелер жаңа мөлтекаудандағы тұрғын үй құрылысын электрлендіру, жеңілдетілген жанар-жағар майды бөлу, көп пәтерлі үйлердегі электр жүйелерінің апаттық жағдайына қатысты болды.
Қараөткел кентіндегі № 13 мөлтекауданның тұрғындары министрден үйлерін электрге қосып беруге көмек сұрады.
- Қазіргі кезде біздің мөлтекауданымыз қаланың жоспарында жоқ. Үйлеріміз қалалық коммуникация тартылмаған телімдерге салынған. Қазір біздің үйлерімізде электр жарығы жоқ, - дейді Бақытжан Тоқышева.
Қабылдауға келген Леонид Скнар электр жүйелерінің апатты жағдайына байланысты шағымданды.
- Жүйелер 50 жылдан бері жөнделмей келеді, - деді ол.
Қабылдау барысында әкімшілікпен келісе отырып мәселелерді реттеуге уәде берілді.
Қабылдау қорытындысы бойынша Энергетика министрі мекемесіндегі қызметкерлерге бірқатар тапсырмалар берді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі болса қабылдау барысында жер телімдерін бөлу мәселесі бойынша азаматтардың өтініштерін қарады.
Ақмола облысы, Ақкөл қаласының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Александр Карпович бірнеше жылдан бері өзінің жеке тәлімбағында түрлі көшеттерді өсірумен шұғылданады. Қолға алған ісін дамыту үшін бағбан әкімшіліктен жер телімін сұрағанымен, олар оған оны бермей қойыпты.
- Менің тәлімбағымның қасында бос жатқан телімдер көп, соны әкімшіліктен сұрағанымда аяқ астынан оның егесі пайда бола қалды, - дейді ол.
Астаналық Амангелді Абдулинов вице-министрге ауыз суды тазартуға байланысты жобасы туралы әңгімелеп берді.
Азаматтармен әңгімелесу барысында вице-министр өз мекемесінің қызметкерлеріне барлық мәселелерді зерттеп, оны бақылауға алуды тапсырды.