Өзбекстан ІІМ Қарақалпақстанның бас қаласы - Нүкістегі митингілерге қатысты ресми түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz ведомствоның Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ел билігі мұны "заңсыз демонстрация" деп атады. Митинг 1 шілдеде сағат 15.00-де "республикада жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды дұрыс түсіндірмеу нәтижесінде" басталған. Қарақалпақстан тұрғындары қала бойынша шерулер ұйымдастырды, осыдан кейін олар орталық дехкан базарының аумағына жиналып, заңсыз демонстрация ұйымдастырған.
"Қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және азаматтардың түрлі құқықбұзушылықтарды жасауына жол бермеу мақсатында дехкан базарының аумағында құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді, азаматтармен заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін белгіленген тәртіппен қарау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Өзбекстан ІІМ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Өзбекстанда конституцияға өзгерістер еніп жатыр. Оның ішіндегі Қарақалпақстанға қатысты 17 бөлім бар. Мұндағы бөлімнің екі негізгі тезисі Қарақалпақстанның егемен республика екенін және осы республиканың халқы Қарақалпақстан тұрғындарының жалпы референдумы негізінде Өзбекстаннан бөлінуге құқылы екені жазылған. Дәл осы тармақтар Конституцияның жаңа редакциясынан алып тасталады деп пайымдаған тұрғындар наразылыққа шыққан.
Қарақалпақстан - Өзбекстан аумағының үштен бір бөлігін алып жатқан республика. Аймақтың 80 пайыздан астамын шөл басқан. Қарақалпақстан Әмудария өзенінің алқабында орналасқан, Арал теңізінің жағалауына дейін жетеді, құрғағаннан кейін су қоймасының солтүстік-батыс бөлігі сілтілі тұздарға байланысты экологиялық апат аймағы деп жарияланған. Мұнда бір миллион 800 мыңнан астам адам тұрады, олардың жарты миллионнан астамы – қарақалпақтар.