- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Інісінің сектасын жоқ...
"Інісінің сектасын жоқ қылу керек!" Жұрт Назарбаев туралы пікір айтқан депутатты талқылап жатыр
Қазнет Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір айтқан депутат Еділ Жаңбыршинді талқылап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әңгіме депутаттың 2021 жылы 1 желтоқсанда және биыл 29 қарашада Facebook-парақшасындағы жазбасы туралы болған.
Депутат 2021 жылғы жазбасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесулер туралы көлемді жазба жариялаған. Жаңбыршин сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей кездесу әр адам үшін өмірдегі ерекше оқиға екенін айтқан.
"Құрметті ағайын! Бұл оқиғаларды мен неге жазып отырмын. Бір кішкентай эпизодтардың өзінен Елбасының адами қасиеттерін, Қазақстан үшін жаны ауыратынын, елін сүйетінін көруге болады. Кеңес империясы ыдырап, мықты деген республикалар, олардың басшылары абдырап қалғанда, Елбасы өз мойнына үлкен жауапкершілік алып, елді соғыссыз, ың-шыңсыз, майдан қыл суырғандай қылып, Қазақстанды алып шықты. Мұндай тектоникалық өзгерістер бұрын-соңды біздің өмірімізде болды ма? Ешкімде ондай тәжірибе жоқ еді. Орысша айтқанда на ходу жүріп бәрін үйрендік. Қателіктер де болған шығар. Шалдар айтқан "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды" - деп. Жаңылып жүріп жасадық, сүрініп жүріп тұрғыздық! Осының бәрін тәуекелге барып, бастайтын лидер керек еді. Оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді!", - деп жазған еді депутат.
Ал кешегі жазбасында депутат Жаңбыршин әділдік құру туралы жазған.
"Әділдік құру үшін! Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек! Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек!", - деп жазды ол.
Желі қолданушылары депутаттың бұл жазбасын қолдағанымен, арасында ол бұған дейін неге басқаша сөйлегенін түсінбей дал болған.
"Едеке, біз студент кезімізде Назарбаевты қолдап дауыс беруге шақырып агитация жасап едіңіз. КарГудың залында Назарбаевты жарты сағат мақтаған едіңіз. Назарбаевтың беделі түскенге дейін шалды сынап көрдіңіз бе? Сіз кеше Назарбаевшыл болдыңыз, бүгін Тоқаевшылсыз. Бір күндері Тоқаевты сынап, Дайрабаевшыл болуыңыз ғажап емес. Мен сіз туралы тек жақсы әңгімелер айтатын едім. Соңғы кездері әңгімелеріңіз "өкінішіне орай" болып кеткен жоқ па? Жоқ не үшін айту керек нәрсені уақытымен айтпайсыз? Сіздің ширек ғасырдан бері билікке сөзіңізді жеткізетін мүмкіндігіңіз болды ғой....", - деп пікір қалдырған Медетбек Абдулла есімді Facebook қолданушысы.
Депутат "бәріміз де оң өзгеріс жасайды деп үміттендік, бірақ ол болмағанын" айтады.
"Талай сын да, пікір де айтылды. Маңғыстауда АЭС саламын дегенде облыстың Нұр Отанының бірінші орынбасары болып жүрсем де қарсы шықтым. Оны айтпайсыңдар, ә?) Жақсы, аман жүр, өзің де елге қызмет ет, ұстазыңа сын айтпас бұрын!", - деп жауап берді Жаңбыршин.
Депутатты сынаған адамдар да аз емес.
"Осы сөздерді неге ерте айтпадыңыз?", "Кімді меңзегісі келді бұл бір бет пердесі шешілген сұрқияның?! Шал дей ма? Кеше ғана сол бір өздері қолдап", "Қазір халыққа әдемі сөздер емес, нақты шешімдер керек. Тоқаевты өтірік қолдай бермей, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеу керек емес пе? Назарбаев бар кезде соңына дейін қолдадыңыз, енді былай әңгіме айтып жатырсыз. Біздің елде ғана шығар халық сенуге болмайтын, екіжүзді, өз қағидасында соңына дейін тұра алмайтын депутаттар!", - деп сынады пікір жазғандар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина