Інісі - облыс әкімі, баласы - басқарма басшысы: Қазақстандағы ағайынды шенеуніктер

Шынында да, атқарылған жұмыс, істелген еңбек еленіп жатыр ма, әлде бауырларының шенді қызметте болуының септігі тиді ме, ол жағы белгісіз. Дегенмен Қазақстанда министрлер мен әкімдер арасында ағайындылар, бауырлар жетерлік. Мәселен, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың інісі Ермек Қуантыров еліміздегі ірі компаниялардың бірінің директоры болып тағайындалған еді. Massaget.kz тілшісі шенді қызметте жүрген ағайындылар кімдер екеніне шолу жасады. 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың өзінен 6 жас кіші інісі Ермек Қуантыров "Қазатомөнеркәсіп" компаниясына 5 шілдеден бастап құқықтық сүйемелдеу және сатып алу жөніндегі бас директоры қызметіне тағайындалды.

Ағайынды Қуантыровтар

Ермек Қуантыров Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Ол 1989 жылы дүниеге келген. 

Айта кетейік, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ - уран, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын импорты мен экспорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. Ұлттық атом компаниясының активтері геологиялық барлау, уран өндіру, ядролық отын циклының өнімдерін өндірумен айналысады.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бауыры Қуат Сұлтанғазиев те осы облыста аудан әкімі болған. Алайда кейін оның өңір басшысы болып тағайындалуы інісінің қызметіне әсер еткен. 

"Заң бойынша жақын туыстарымызбен тікелей бағыныштылықта жұмыс істей алмаймыз. Тиісінше, ол жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Жұмысымның бірінші күні арыз жазды. Алайда оған басқа аймаққа ауысу туралы ұсыныстар түсті. Бірақ оған осында қалу маңызды болды, өйткені отбасы, балалары осы өңірде тұрады. Сондықтан қалды", - деді әкім сұхбаттарының бірінде.

Ағайынды Сұлтанғазиевтер

Сұлтанғазиевтің сөзінше, бұрын аудан әкімі болған бауыры қазір Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде жұмыс істейді.

Айта кетейік, Қуат Елеусізұлы Сұлтанғазиев 1975 жылы туған. Ал Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев 1976 жылы дүниеге келген.

Марқұм шенеунік Бердібек Сапарбаев 2022 жылы 7 сәуірде Жамбыл облысының әкімі қызметінен кеткен болатын. Желіде Сапарбаевтың аймақ тұрғындарымен жылап қоштасқан видеосы да таралған еді. Дәл осы күні екі ағайындының бірі - Бердібек Сапарбаев облыс әкімі қызметінен кетсе де, өзге өңірде інісі Нұрлыбек Нәлібаев дәл осындай қызметке келді. 7 сәуірде Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысына жаңа әкім болып тағайындалды.


Нұрлыбек Нәлібаев

Ол 1976 жылы 13 қазанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев та Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, Нұрлыбек Нәлібаевтың әкесі - Нәлібаев Машбек Сапарбайұлы, анасы - Нәлібаева Бибіш Нұрманқызы. Бердібек Сапарбаевтың да әкесі Нәлібаев Мәшбек Сапарбайұлы екені, ал анасы - Нәлібаева Бибіш екені көрсетілген. Демек, Сапарбаевтар бір-біріне туған ағалы-інілі болып келеді.

Экс-әкім Бердібек Сапарбаевтың Ақбота, Бауыржан, Жансұлтан атты балалары бар.

Бердібек Сапарбаевтың кенже ұлы да осы салада, мемлекеттік қызметте жүр. Жансұлтан Бердібекұлы - Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы. 

Жансұлтан Сапарбаев. Сурет: gov.kz

Экс-индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың інісі де билікте жүр. Мәди Атамқұлов 2021 жылы 2 шілдеде Қазақстанның Сербиядағы елшісі қызметіне тағайындалған болатын. Дереккөздерде екеуінің де әкесінің аты Бәкірұлы екені көрсетілген. Елшінің карьерасына назар аударсақ, 2003 жылдан бастап мемлекеттік қызметтерден көріне бастағанын байқауға болады.

Бейбіт, Мәди Атамқұловтар 

Мәди Атамқұлов 2003 жылдан бастап Қазақстан СІМ-нің ТМД істері жөніндегі комитетінің бірінші хатшысы ретінде дипломатиялық қызметте жұмыс істей бастаған. 2006 жылдан бастап Мемлекеттік протокол қызметі бөлімінің бастығы лауазымын атқарып, СІМ Орталық аппаратының осы бөлімшесінің басшысына дейін қызмет еткен. 2014-2015 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал елшіліктегі қызметіне дейін 2015 жылдан бастап ҚР Президенті протоколының басшысы болған.

Билікте жүрген ағалы-інілілер тек бұлар емес. 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары болып Роман Скляр тағайындалған еді. Ол 2000 жылдардан бастап мемлекеттік қызметке келген. Ал екі аптадан аса уақыт өткенде оның інісі Василий Скляр Павлодар облысының Полиция департаментіне басшы болып тағайындалды. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, ол - премьер-министрдің бірінші орынбасарының інісі. 

Роман, Василий Скляр

2019 жылы өз еркімен қызметтен кеткен Иманғали Тасмағамбетовтің інісі Құрманғали Тасмағамбетов дәл осы жылы мамырда Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болып тағайындалған еді. Департаменттің Facebook-парақшасындағы мәліметке сүйенсек, бұл қызметке кейін Руслан Мамытович келген.

Сурет: Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Facebook-парақшасынан

Бұған дейін Президенттің туыстары кейбір қызметтерді атқара алмайтыны айтылған болатын. 

"Президенттің ағасы, әпкесі, балалары "Самұрық-Қазына" немесе "Бәйтерек" сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқара алмайды", - деген еді экс-әділет министрі Мусин.

Экс-министр заң қабылданса, Болгариядағы елші қызметін атқарып жүрген Теміртай Ізбастин қызметінен кететінін жеткізген еді. Теміртай Ізбастин Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне 2019 жылғы 1 қарашада тағайындалған болатын. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, ол Президенттің қарындасы Қарлығаға үйленген, яғни күйеу баласы. Ал қазір Болгариядағы елші - Виктор Темірбаев. 

Теміртай Ізбастин

Сонымен қатар, ашық дереккөзде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Қаныш Ізбастин "Бәйтерек" ұлттық холдингінде басшылық қызметтен кеткені айтылады. Ол 2021 жылы наурыздан бастап "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.

Бәйтерек холдингінің сайты

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!