Новороссийск портына жасалған шабуыл: Қазақстанның Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстанның Энергетика министрлігі 5 сәуірде Новороссийск портында болған оқыс оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, ведомство жағдайды бақылауда ұстап отыр.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес бұл жағдай қазақстандық мұнай экспортының көлеміне әсер еткен жоқ. Қазір шикізатты магистральдық мұнай құбырлары арқылы қабылдау және тасымалдау штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Экспорт жоспары кестеге сай орындалады", - деді министрдің кеңесшісі - Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.

Айта кетейік, 5 сәуірде ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресейдің Краснодар өлкесіне күні бойы шабуыл жасаған. Ең көп зардап шеккен қала - Новороссийск, онда 8 адам жараланған.

Мәліметке сүйенсек, негізгі нысан "Шесхарис" мұнай терминалы болған. Бұл - Ресейдің оңтүстігіндегі мұнай мен мұнай өнімдерін қайта тиейтін ең ірі кешендердің бірі. Бұл терминал арқылы қазақстандық мұнай транзиті де жүзеге асырылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!