Ноутбук неге қызады және оны қалай салқындатуға болады?

Ноутбук көбіне ұзақ жұмыс істегенде, әсіресе ойын ойнау, видео монтаждау немесе жаңартуларды орнату кезінде қызады. Бұл туралы Engadget басылымы жазды, деп хабарлайды Massaget.kz.

Ноутбук неге қызады?

Құрылғының қызып кетуіне фондық процестер мен жүйе қосылғанда автоматты түрде іске қосылатын бағдарламалар да себеп болады. Олар пайдаланушы күрделі тапсырмаларды орындамаса да, процессорға жүктеме түсіруі мүмкін. Мұндайда желдеткіштер жылдамырақ айналады, ал компьютер салқындау үшін жұмыс өнімділігін уақытша төмендетуі ықтимал.

Неліктен ноутбукты төсекке қоюға болмайды?

Мамандардың айтуынша, желдету саңылаулары бітелсе немесе ластанса, ноутбук одан әрі қызады. Сондықтан оны төсекке немесе жастықтың үстіне қоюға болмайды (жұмсақ жерге), мата құрылғы ішіндегі ауа айналымына кедергі келтіреді. Бөлме температурасы да ноутбуктың қызуына әсер етеді.

Құрылғыны қалай салқындатуға болады?

  • Ноутбукты қатты әрі тегіс жерге қойып, желдету саңылауларының ашық екенін тексерген жөн.
  • Шаңды жұмсақ щеткамен немесе сығылған ауамен абайлап тазалауға болады.
  • Желдету саңылауларына бөгде заттарды сұғуға болмайды.

Процессорға түсетін жүктемені қалай тексеруге болады?

Windows

Процессорға түсетін жүктемені «Тапсырмалар диспетчері» («Диспетчер задач») арқылы тексеруге болады.

Mac

Бұл үшін «Жүйе мониторингі» («Мониторинг системы») қолданбасы пайдаланылады.

Қай кезде сервиске жүгінген дұрыс?

Егер ноутбук қызып, жұмыс істемей қалса немесе өздігінен қайта жүктеле берсе, оған желдеткіштің ақауы не термопастаның кебуі себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сервистік орталыққа жүгінген дұрыс.