Нөсер жауыннан кейін Ыстамбұлды су басты: бір адам қаза тапты

Нөсер жауыннан кейін Ыстамбұлды су басты: бір адам қаза тапты
Фото: Видео кадры

Сәрсенбіде Ыстамбұлда қатты нөсер жауып, салдарынан жасөспірім қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Haberler басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Балат ауданында шалшық судан өтпек болған 14 жастағы жасөспірімді ток соғып, ол көз жұмған.

Ыстамбұл губернаторының әкімшілігі қала бойынша 1 277 су басу оқиғасы мен 15 көшкін дерегі тіркелгенін хабарлады. Су басу салдарынан 47 адам қамалып қалған. Бұдан бөлек, 13 жерде ағаш құлап, екі ғимараттың шатыры ұшқан.

Тиісті қызметтерге 76 көлікке, 808 тұрғын үйге және 280 кәсіпкерлік нысанға қатысты хабарламалар түскен.

Түркияның Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасы (AFAD) жанынан дағдарыс штабы құрылған. Табиғи апаттың зардабын жоюға 8 мың қызметкер мен 2 мың техника жұмылдырылған.

БАҚ мәліметінше, сәрсенбіде Ыстамбұлда бір шаршы метрге 200 миллиметрден аса жауын-шашын жауған. Билік бейсенбіде қалада метеорологиялық қауіптің сары деңгейін жариялаған.

Болжам бойынша жаңбыр күн соңына дейін жауады. Тұрғындар мен туристерге қажеттілік болмаса, үйлерінен шықпауға кеңес берілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget