- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нөсер жауын, қар...
Нөсер жауын, қар көшкіні, блокбекет: Алматы тұрғындарына тауға шықпау ескертілді
Алматыда нөсер жаңбыр жауады. Қаланың төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, "Қазгидромет" ауа райына байланысты - қар көшкіні, нөсер жаңбыр және су деңгейінің көтерілуі туралы үш ескерту жасады.
Алматы төтенше жағдайлар департаменті 10 наурыздағы "Қазгидромет" ескертулері негізінде 11-14 наурыз аралығында Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде жылымықтың әсерінен, қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты, қатты жауын шашынның күтілуіне байланысты қар көшкіні болуы мүмкін екенін хабарлады.
"Медеу - Шымбұлақ автожолынында, сонымен бірге Үлкен Алматы өзенінің автожолында Аюсай бөгетінде блокбекеттер қойылған", - делінген хабарламада.
Ведомство осы себепті тұрғындарға қар басқан беткейлерге шығпауға, мүмкіндік болса, тауға бармауды ескертті.
"Қазіргі уақытта Алматының тауларында көшкіндердің жаппай түсуі байқалады. Тек кейінгі үш күнде 14 қар көшкіні өздігінен түсті. Абырой болғанда, зардап шеккен адамдар жоқ. Көшкін қаупі бар кезеңнің басынан бастап барлығы жалпы көлемі шамамен 45 мың текше метр құраған 54 рет қар көшкіндері түсті. Мамандар көшкін қаупінің жоғары деңгейі байқалады деп дабыл қағып отыр. Осыған байланысты Алматы төтенше жағдайлар департаменті мен "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі Алматы тұрғындарының тауға шықпауын сұрайды. Мүдделі ұйымдар адамдарды таулы жерлерге шығуға шектеу бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет деп ескертеді", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан