Нөсер жауын Алматының астаң-кестеңін шығарды: алдағы күндерге болжам

Алматыдағы нөсер кезінде қыркүйектегі жауын-шашын мөлшерінің жартысы жауған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түнде қалада не болды?

Қазгидромет деректері бойынша қалада бірнеше сағат ішінде 12 мм, ал тау бөктеріндегі жерлерде 15 мм жаңбыр жауған. Бұл - бір айлық жаңбырдың 53 пайызы (қыркүйектегі норма - 28 мм).

"Нөсер жауынның, арық желісі жаңбыр суына толып кетуінің кесірінен жолдардың кейбір учаскелері су астында қалды. Ең үлкен жүктеме Аманжол көшесінде болды, мұнда жол төсемі опырылуы салдарынан 13 көлікке зақым келді", - деді әкімдік өкілдері.

Tengrinews.kz/Юлия Сарачакова

Әуезов ауданы әкімі аппаратының дерегінше, бұған дейін осы учаскеде "Спецстрой Групп ЛТД" ЖШС мердігерлік ұйымы сумен жабдықтау және кәріз желілерін салу жұмыстарын жүргізген. "QazaqGaz" АҚ газ құбырының жоспарланған құрылысына байланысты асфальтбетон жабыны толық қалпына келтірілмеген.

"Қазір Аманжол көшесі жабылды. Зақым келген көліктерді эвакуациялау, топырақты шығару және орнын толтыру жұмыстары басталды. Мердігер ұйым зардап шеккен көліктердің иелеріне келген залалды өтеуге міндеттелді. Жағдай әкімдіктің бақылауында", - деді әкімдік өкілдері.

Тағы бір қиындық тудырған учаске - Манас пен Жандосов көшелері қиылысы. Мұнда арық желісі су астында қалған. Әкімдік мәліметінше, арықты тазарту, су ағызу жұмыстары жүргізіліп, қапшықтар мен қоршаулар қойылған.

"Түнде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 189 техника мен 180 жұмысшы кезекшілік етеді", - деді әкімдік өкілдері.

Алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы

  • 17 қыркүйекте бұлтты, жауын-шашынсыз, күндіз + 18...+20 °C болады.
  • 18 қыркүйекте кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз + 16...+18 °C болады.
  • 19 қыркүйекте кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз температура +16...+18 °C болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!