Норвегиядағы аукционда қазақстандық музыкант Рүстембек Омаровқа қатысты бірегей жәдігер табылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде түсірілген суретте музыкант тікенек сыммен қоршалған жерде қолдан жасалған домбыра ұстап тұр, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Павлодар облыстық филармониясының мәліметінше, бұл олжа 2024 жылы павлодарлық "Панфиловшылар" іздеу жасағы және норвегиялық әріптестермен бірлесе басталған ауқымды зерттеу жұмысының нәтижесі. Зерттеушілер соғыс жылдарында Киркенестегі Шталаг 322 лагерінде неміс тұтқынында болған музыкант өмірбаянының бұрын белгісіз болған беттерін қалпына келтірді.
"Құрманғазы атындағы оркестр ардагерлерінің естеліктері бойынша, Рүстембек Омаров тұтқында жүргенде де музыкадан қол үзбеген. Фанерадан, ағаштан және қармақ жібінен домбыра жасап алып, тұтқындарға ойнаған. Бірде ол Моцарттың шығармасын орындап жатқанын неміс офицері естіп қалады. Виртуозды ойынға тәнті болған ол музыкантты қамқорлығына алып, оған нан, азық-түлік әкеліп беріп тұрған, ал Рүстембек Омаров оны басқа әскери тұтқындармен бөліскен. Бәлкім, осы қолдан жасалған домбыра Рүстембек Омаровтың өмірін сақтап қалған шығар", - деді Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы Амангелді Қожанов.
Суретті табуға норвегиялық іздеуші Татьяна Торесен көмектесті. Бұған дейін ол YouTube желісінен павлодарлықтардың Рүстембек Омаров туралы деректі фильмін көріп қалған екен. Биылғы аукционда кеңестік әскери тұтқындар бейнеленген суреттерді көргенде, ол таныс бейнені бірден таныған.
"Норвегиялық тарихшы Эйвин Коснес бұл суреттердің Шталаг 322, Zweiglager Kirkenes лагерінде түсірілгенін растады. Яғни, суреттегі адам біздің кейіпкеріміз Рүстембек екеніне ешқандай күмән болған жоқ", - деді Татьяна Торесен.
Аукцион 26 қазанда, Қазақстанда түн ортасы ауған уақытта өтті. Татьяна Торесеннің айтуынша, оның әріптесі, Осло гиді және Норвегияның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі сурет шежіресін зерттеуші Рами Кафаров аукционға қойылған жеті суреттің төртеуін сатып алуға көмектескен. Бұл суреттер жеке коллекцияға кетіп қалмай, зерттеушілерге қолжетімді болуы үшін жасалды. Соның бірінде Омаров бейнеленген.
Кейін суретті Павлодар облыстық филармониясы сатып алды. Бұл ретте мекеме өкілдері сурет үшін қанша төленгенін ашып айтпады.
Бұл суретті Густав Швант түсірген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Норвегияда неміс таулы атқыштар әскері құрамына кіретін 2-ші таулы жаяу әскер дивизиясында қызмет еткен. Шталаг 322 лагерінде ол атқора мен көлікке жауапты болған.
Кейбір суреттерде әскери тұтқындар топтары бейнеленген. Зерттеушілер олардың арасында Рүстембек Омаровтың жерлестері болуы мүмкін деп болжайды.
"Бұл суреттердің арасында тұтқында болған Иманзада Қабақов та болуы мүмкін деген үміт бар. Ол босатылғаннан кейін, бұрынғы тұтқындарды Отанында сталиндік қуғын-сүргін мен ГУЛАГ лагерлері күтіп тұрғанын біліп, Норвегияда қалып қойған. Шамамен 1960 жылдары Норвегияға сол кездегі Қазақ КСР өкілдері бар кеңестік делегация келгенде, ер адам кетіп бара жатқан кемеге қарай жүгіріп барып, қазақ тілінде есімі Иманзада Қабақов, Қызылорда облысынан екенін айтып айғайлап үлгерген. Сондай-ақ ол тұтқыннан кейін ат баққан адамның қызына үйленгенін, Норвегияда екі қызы бар екенін де жеткізіп үлгерген", - деді Татьяна Торесен.
Жақын арада норвегиялық зерттеушілер Рүстембек Омаров суреттерінің түпнұсқасын Павлодар филармониясына тапсырады.
Ескі суреттегі әкесін Алматыда тұратын қызы Қарлығаш Омарова да таныды.
Рүстембек Омаров - Қазақ КСР-інің халық әртісі, күйші, композитор және дирижер. Ол 1919 жылы 7 қыркүйекте Павлодар уезінің Шарбақты ауылында (қазіргі Павлодар облысының Аққулы ауданы) дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. 1934 жылы Семейдегі гастроль кезінде баланы оның ағасы, белгілі әнші Темірболат Арғынбаев іздеп табады. Осы кісі жас Рүстембекті Алматыға алып келіп, онда болашақ музыкантты Ахмет Жұбанов байқайды.
Павлодар филармониясының өкілдері бұл суретте Рүстембек Омаров бейнеленгенін растады, алайда нақты қай жерде тұрғанын айта алмады.
14 жасында Омаров қазақ халық аспаптар оркестріне қабылданады. 1936 жылы Римский-Корсаков атындағы консерватория жанындағы Ленинград музыка училищесіне оқуға жіберіліп, үш жылдан кейін Қызыл әскер қатарына шақырылады.
Ұзақ уақыт бойы Омаровтың соғыстағы тағдыры беймәлім болып келді. Музыкант соғыс пен тұтқын туралы айтқанды ұнатпайтын, сондықтан оның әскери өмірбаянының көп тұсы Норвегия мұрағаттары мен кеңестік әскери тұтқындардың тізімі арқылы белгілі болды. Омаров шайқастарға қатысып, жараланған және Норвегияда неміс тұтқынына түскен. 1945 жылғы мұрағат құжаттары оның босатылған кеңестік әскери тұтқындар арасында болғанын растайды.
Елге оралғаннан кейін музыкант Құрманғазы атындағы оркестрде ойнап, Алматы консерваториясын бітірді. Оның орындаушылық шеберлігін Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Шәмші Қалдаяқов сияқты қазақ өнерінің басқа да көрнекті қайраткерлері жоғары бағалады.
Омаров консерваторияда ұстаздық етіп, күйші ретінде танылды. Оның "Жастық шақ" күйі еліміздегі көптеген оркестрдің репертуарына енген. Зерттеушілердің айтуынша, ол "Жеңіс" атты тағы бір күйдің авторы. Шығарма әлі табылған жоқ, Павлодар филармониясы бұл туындының тағдырын анықтау алдағы уақыттағы жеке зерттеу жұмысы екенін айтады.
Рүстембек Омаров 1988 жылы маусымда қайтыс болды, ол артына орындаушылық шеберлік мектебін және қазақ музыка мәдениетінде мәңгі сақталатын есімін қалдырды. Павлодар филармониясындағы қазақ халық аспаптар оркестріне музыканттың есімі берілген.
Айта кетейік, биыл қаңтарда норвегиялық іздестірушілер Ұлы Отан соғысы жылдарында Норвегияның солтүстігіндегі нацистік лагерлерде қаза тапқан қазақстандық 15 сарбаздың қабірін тапқаны хабарланған болатын. Жауынгерлердің сүйегі Тьетта аралындағы бауырластар зираты мен Йорстадмоен қорымында жерленген.