- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Nokia өзінің картографиялық...
Nokia өзінің картографиялық қызметін сатып жіберді
Финдік Nokia компаниясы Here деп аталатын картографиялық қызметін немістің Audi, BMW Group және Daimler авто концерндеріне сатуға келісімін берді. Жалпы навигациялық қызмет 2,8 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Аталған неміс компаниялары қызметті тең дәрежеде қолданатын болады.
Айта кетсек, Nokia компаниясының бұл өнімі Google Maps онлайн карта қызметіне жалғыз бәсекелес болатын. Әзірге навигациялық қызметтің лицензияланып, өзге компаниялардың қолдануына берілу мүмкіндігі туралы ақпарат жоқ. Себебі картографиялық қызметті Microsoft, Amazon, Samsung, Uber және Baidu компаниялары да сатып алғысы келген. Бейресми ақпаратқа орай, аталған IT-компаниялар Nokia өнімінің лицензиясын пайдалануы мүмкін.
Here картографиялық қызметін немістің компаниялары ортақ басқарады. Келісім бойынша, немістің авто өндіруші концерндері онлайн карта платформасының оперативті құрылымын өзгерте алмайды. Карта көлік саласында тек навигациялық қызметте қолданылмақ.
Сарапшы мамандардың айтуынша, келісім сәтті өткен. Себебі Here картографиялық қызметі Nokia компаниясына айтарлықтай табыс келтірмеген болатын. Енді финдік компанияның тек екі өндірістік саласы қалды. Атап айтқанда Nokia Networks байланыс қызметі мен жаңа жобаларға қолдау білдіру мен оларды патенттеу салалары.
Компания смартфондар нарығына қайтып келуді жоспарлап отыр. Егер финдік компанияға тұрақты серіктес компания табылса, Nokia бренді келесі жылы нарыққа шығуы мүмкін.
Ж. Өрісбай