Қазақстандық Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен мексикалық Сауль Канело Альварес (57-2-2, 39 КО) трилогиясының жекпе-жек аптасы басталды. Боксшылар қазақстандық уақытпен 18 қыркүйекте таңертең жұдырықтасады. Бүгінде бокс әлемі түрлі болжам жасап жатыр. Massaget.kz тілшісі жекпе-жекке болжамдарды дайындады.
"Канело нокаутпен жеңеді"
Fightnews.info порталының мәліметінше, ұлыбританиялық танымал боксшы Амир Хан Головкин мен Альварес арасындағы үшінші кездесуге болжам жасады.
"Дәл қазір Канело бабында. Осыны ұмытпау керек. Ол ірі, мықты. Екінші орта дивизионға салмағы келіп тұр. Жылдамдығы да жоғары. Бұл жерде мен Головкинді құрметтемеймін деп тұрған жоқпын. Ол да өте мықты боксшы. Дегенмен GGG қартайып қалды. Осыны да ұмытпаңыздар. Ол 2004 жылы менімен бірге Олимпиадада өнер көрсетіп, жүлде жеңді.
Менің ойымша, Альварес тың. Бұл кездесуде Канело нокаутпен жеңіске жетеді деп ойлаймын. Көпшілік мені бокстан хабары жоқ деуі мүмкін. Бірақ, маған бәрібір. Бұл менің ойым", - деді Амир Хан.
©twitter.com/GGGBoxing
"Канело жеңіске жетеді"
Төрт салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы болған америкалық Майки Гарсия да Головкин мен Канело арасындағы айқас қалай аяқталатынын болжаған.
"Жақсы кездесу. Менің ойымша, Канело жеңіске жетеді. Қарсыластар бірін-бірін өте жақсы біледі. Сондықтан жекпе-жек қай салмақта өтетіні қатты маңызды емес. Олар осыған дейін екі рет кездескен.
Альварес осыған дейін бұдан да ауыр салмақта өнер көрсетті. Дегенмен ол аса ірі боксшы емес. Карьерасын жеңілірек салмақтардан бастаған. Осы себепті салмақ бұл кездесуде маңызды рөл ойнамайды.
Головкинмен салыстырғанда "Канело" жас. Алдағы айқаста Головкин бар күшін салады. Дегенмен Альварестің мерейі үстем болады", - деді Гарсия.
©USA TODAY Sports
"Қомақты қаржы түседі"
Ал 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бұл кездесуде қазақстандық боксшы жеңеді деп сенеді.
"Геннадий Головкин өте ауыр айқас өткізгелі тұр, бірақ мен оның жеңісіне сенемін. Оған себеп Геннадийдің шеберлігі мен жекпе-жекке дайындығы. Сонымен қоса, бұл айқаста Головкиннің жеңісі кәсіпқой бокс қауымдастығы үшін бизнес тұрғысынан ұтымды. Төртінші айқас ұйымдастырса, одан боксшыларға ғана емес, айналасында қатысы барлардың бәрінің қалтасына қомақты қаржы түседі", - деп келтірді Сәпиевтің сөзін arbat.media.
©USA TODAY Sports
"Соңғы мүмкіндігі"
Аты аңызға айналған америкалық боксшы Рой Джонс Головкин 40 жасқа келгені өте маңызды фактор екенін баса айтты.
"Головкиннің жасы келгендіктен қарсыластар оның денесіне соққы көбірек жасайтын болған. Өйткені ол баяулап барады. Альвареспен айқаста қазақстандық осындай шабуылға төтеп беруі керек. Бивол мен Головкиннің стильдері түрлі болғанымен, қазақстандық одан өзіне бірдеңе түйіп алғаны абзал", - деп ойлайды Рой Джонс.
©USA TODAY Sports
Америкалықтың айтуынша, Геннадий Канелодан сегіз жас үлкен, сондықтан бірнеше раундта тәжірибесінің арқасында басым түсіп, ал бірнешеуінде жасына байланысты есе жібереді.
"Геннадий аянбай, барын салу керек, өйткені бұл оның соңғы мүмкіндігі", - деп келтірді Джонстың сөзін WBC сайты.
"Оңай жеңеді"
Франциялық жеңілмеген боксшы Кристиан Мбилли (21-0, 19 КО) алдағы трилогия қалай аяқталатынын болжады.
"Канело" Головкинді оңай жеңеді деп ойлаймын. Головкин егде тартты. Кейінгі айқасын көрдім, жылдамдығын жоғалтқан, ал Альварес - ең мықты боксшы. Бұл Головкиннің соңғы айқасы болар.
Боксшылардың бәрі "Канеломен" жекпе-жек өткізуді қалайды. Қазір менің мақсатым да - сол. Трилогиядан кейін Альварес не істейтінін білмеймін. Екеуміз де алдағы жекпе-жектерімізді өткізіп алайық", - дейді ол.
Фото: Тұрар Қазанғапов
"Канелоны жеңуге болатынын паш етті"
Спортшылар жалаң жұдырықтасатын Top Dog лигасының басшысы Данил Алеев GGG жеңетініне сенімді.
"Әрине, сенемін, неге сенбеске? Гена қара тер болғанша еңбектенетіндер қатарынан, оның басты таланты - еңбексүйгіштік. Бивол қазіргі таңда "Канелоны" жеңуге болатынын паш етті. Дене бітімі мен стилі басқа болса да. Дегенмен Гена осыған қарап бір шешім шығара алады деп ойлаймын. Сол арқылы жеңіске жете алады. Оның үстіне, мұның алдында жеңуге аз қалған болатын", - дейді "Регбист" лақап атымен танымал спортшы "Чемпионат" порталына берген сұхбатында.
©ftw.usatoday.com
"Нокаутшыда әрдайым мүмкіндік бар"
Ресейлік боксшы Алексей Папиннің пікірінше, Канело GGG 40 жасқа толып, әбден қартайғанын күтті.
"Меніңше, "Канело" жеңеді. Ол Головкин елуге аяқ басқанша дейін күтіп отыр ғой. Геннадийге қиын, жас өзінікін алады. Канело - жас, Головкин - дәуірі өтіп бара жатқан боксшы, дегенмен, нокаутшыда әрдайым мүмкіндік бар. Қалай болса да, Головкинге жанкүйермін. Алайда шынына келейік, бұл айқаста Альварес жеңеді-ау", - деді Папин "Два Боковых" YouTube арнасына берген сұхбатында.
Фото: Тұрар Қазанғапов
"Головкин жеңгенін қалаймын"
Жартылай ауыр салмақта WBA белбеуінің иегері украиналық Дмитрий Бивол болжам жасауды ұнатпайтынын айтыпты, бірақ Головкин жеңгенін қалайды екен.
"Канело" Головкинді жеңе ме, жоқ па білмеймін. Жалпы, болжам айтқанды ұнатпаймын. Альварес жеңуге тырысады. Себебі ол соңғы кездесуінде жеңілді. Соңғы айқасынан кейін ол әлі толық өз-өзіне келе алмаған шығар. Оның басында не болып жатқанын білмеймін. Мен Головкинге сәттілік тілеймін. Жеңгенін қалаймын", - деді Бивол Fightnews.info басылымына берген сұхбатында.
©Joe Camporeale/USA TODAY Sports
"Головкин жеңетін сияқты"
Жартылай ауыр салмақта әлемнің бұрынғы чемпионы Чед Доусон үшінші жекпе-жекте Головкин Альваресті жеңеді деген ойда.
"Шынын айтқанда, GGG бірінші жекпе-жекте Альваресті жеңді деп ойладым. Екіншісінде "Канело" басым түсті, ал енді үшіншісінде қайтадан Головкин жеңетін сияқты", - деді Доусон Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында.
Еске салайық, трилогия 17 қыркүйекте Лас-Вегаста өтеді. Олар мексикалық спортшы иелігіндегі IBF, WBC, WBA Super және екінші орта салмақтағы WBO титулдарын сарапқа салады. Бұл Головкиннің осы салмақтағы дебют жекпе-жегі болмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!