Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "БерӘлі" компаниясының бұрынғы қызметкерлерімен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесуге "ҚазМұнайГаз" АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, "Өзенмұнайгаз" АҚ басшысы Нұрдәулет Қилыбай және жұмыссыз қалған "БерӘлі" компаниясының бұрынғы қызметкерлері қатысты.
Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы билік пен "ҚазМұнайГаз" компаниясы көтерілген мәселені оңтайлы шешуге ынталы екенін айтып, барлық түйіткілді келіссөз үстелінде шешуге шақырды.
Кездесуде жиналғандарға жалақы мен еңбек жағдайларын сақтай отырып, "МөлдірМұнайСервис" ЖШС-не үш жыл мерзімге жұмыс ұсынылды.
Өңір басшысы "БерӘлі" мекемесінің бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру "ҚазМұнайГаз" АҚ ережелері шеңберінде жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, ол тендерден ұтылған компанияның қызметкерлері конкурстық рәсімдердің жеңімпазы атанған компанияға жұмысқа орналастырылатынын жеткізді.
Мәселен, 2022 жылдың соңынан бастап осы уақытқа дейін күнделікті 192 шарт бойынша тендерлік рәсімдердің мәртебесіне талдау және мониторинг жүргізілген – бұл шамамен 15 мың адам. Талдау қорытындысы бойынша тендерден ұтылған мердігер компаниялардың қызметкерлері жұмыссыз қалмауы үшін уақтылы шаралар қабылданып жатыр.
"Бүгінде тендердің нәтижелері бойынша жаңа мердігер компаниялармен 57-ге жуық шарт жасалған, олардың басым бөлігі - ұзақ мерзімді. Сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" өкілдігінің бастамасымен тендерлік құжаттамаға алдыңғы мердігерде жұмыс істеген қызметкерлерді жұмысқа орналастыру туралы талап енгізілген. Осы талапқа сәйкес, ұтылған компаниялардың 3 мыңнан астам қызметкері жеңімпаз компанияға жұмысқа орналастырылған.
Мұндай шаралар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Бұл ұтылған компаниялардың жұмыстан босатылған қызметкерлерін қайта жұмысқа орналастырудың тиімді құралы болады", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты "БерӘлі" мекемесінің бұрынғы қызметкерлеріне ұсынылған жұмысқа тұру туралы айтылды. "ҚазМұнайГаз" АҚ өкілдері "БерӘлі" мекемесінің бұрынғы қызметкерлері ұсынылған жұмыс орнынан бас тартқан жағдайда, "Өзенмұнайгаз" АҚ өндірістік жоспар бұзылмау үшін конкурстық рәсімдерде жеңген мекемеге кезекте тұрған жұмыссыз адамдарды алуға мәжбүр болатынын айтты.
"Сіздердің мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибеңізді ескере отырып, "ҚазМұнайГаз" АҚ қолданыстағы ережелері аясында жұмысқа орналасу ұсынылады. Алайда "Өзенмұнайгаз" АҚ-на тікелей жұмысқа орналасу туралы талапты қанағаттандыру мүмкін емес, себебі бұл қолданыстағы алгоритм шеңберінде жұмысқа орналасу кезегіндегі Жаңаөзен қаласының басқа тұрғындары үшін әділетсіз болмақ. Мен ақылмен шешім қабылдап, жұмысқа орналасуды ұсынамын", - деді Нұрлан Ноғаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!