“Нобель сыйлығын алған туындылар аударылса керемет болар еді“. Қанша кітап қазақ тіліне аударылып басылды?

“Нобель сыйлығын алған туындылар аударылса керемет болар еді“. Қанша кітап қазақ тіліне аударылып басылды?
Фото: depositphotos.com

Кейінгі кезде қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлер кітаптар саны артты. Олардың сапасы туралы оқырмандар не дейді? Кейінгі 3 жылда қазақ тіліне қанша кітап аударылды? Елімізде қанша баспа бар? Жекелеген баспалардан шыққан кітаптар бақылана ма? Мемлекет тарапынан шет тілді кітаптарды қазақ тіліне аудару үшін қанша қаржы бөлінген? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтар аясында оқырмандармен сұхбаттасып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне сауал жолдады. 

Тек қазақшаға аударылған кітаптарды оқитын оқырман қатары аз емес. Олардың айтуынша, қазір қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлер әжептәуір көбейген. 

"Көбейгені кәдімгідей сезіледі, бұрынғыға қарағанда көп әлемдік кітаптар қазір қолжетімді. Бірақ, әрине, "қап" дейтін кез бар әлі де, өйткені кей аудармалар мағынаны бәрібір толық жеткізе алмайды немесе аударманың сапасы төмен. Кей кітаптар сәтсіз аударылған, сол себепті оқырмандардың көңілі қалып, оларды оқығысы келмей қалады", - дейді Айберген Нұралы. 

Оның айтуынша, шетелдік кітаптар қазақ тіліне мейлінше көп аударылғаны дұрыс. 

"Санды ойлап, сапаны ұмытпау керек. Нобель сыйлығын алған қанша кітап бар, соларды сапалы аударса, нұр үстіне нұр болады", - дейді ол. 

Кейінгі 3 жылда қазақ тіліне қанша кітап аударылды?

Комитет өкілдерінің айтуынша, "Аударма әдебиеті" түрі бойынша мемлекеттік тапсырыспен кейінгі 3 жылда жалпы таралымы 24 мың дана болатын кітап басып шығарылған. 

"Олар мемлекеттік кітапханаларға таратылды. Олардың ішінде балалар әдебиеті, комикс және көркем әдебиет бар. Ал биыл жыл аяғына дейін 23 мың дана кітап тарату жоспарланған", - делінген жауапта. 

Шетелдік кітаптар қандай бағдарлама бойынша қазақшаға аударылып жатыр?

Комитет мәліметінше, кітаптар "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату" бағдарламасы бойынша аударылып жатыр. 

"Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру" республикалық бюджеттік бағдарлама аясында жарық көрген әдебиеттер республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға қайтарымсыз тегін таратылып, электрон нұсқасы (PDF) қазақстандық ұлттық электрон кітапхана (КазНЭБ) порталына жүктеледі.

Елімізде қанша баспа бар? Жекелеген баспалардан шыққан кітаптар бақылана ма?

"Елімізде Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 271 баспа жұмыс істейді. Кітап шығарудың негізгі кәсіпорындары - жеке бизнес субъектілері", - делінген жауапта. 

Алайда комитет құзырында жекелеген баспалардан шыққан кітаптарды бақылау құқығы жоқ. Комитет мәліметінше, бақылауды басқа орган жүргізеді, бірақ қай орган екені айтылмады. 

Мемлекеттік тапсырыспен басылатын қоғамдық маңызы бар әдебиеттер тізімі қандай? 

  • балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет;
  • танымдық әдебиет;
  • көркем әдебиет;
  • қоғамдық-саяси әдебиет;
  • ғылыми-көпшілік әдебиет;
  • аударма әдебиет;
  • мәдениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде ноталық әдебиет;
  • энциклопедиялық және анықтамалық әдебиет;
  • мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған әдебиет.

Мемлекет тарапынан шет тілді кітаптарды қазақ тіліне аудару үшін қанша қаржы бөлінген?

Қоғамдық маңызы бар әдебиеттер басылмас бұрын іріктеудің үш кезеңінен тұратын комиссиядан (тәуелсіз, сараптамалық, ведомствоаралық) өтеді. Оң деп танылған кітаптар республикалық бюджет тарапынан басылып, еліміздегі мемлекеттік кітапханаларға таратылады. 

Алайда ресми жауапта оған қанша қаржы бөлінгені туралы нақты жауап жоқ. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек