Биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұрышев киік саны мен қазақ халқының өсуінің арасында байланыс бар деп есептейді. Ғалымның пікірінше, киік - елімізге берілген мұнай іспеттес байлықтың бірі, оларды атпай, керісінше ғылыми көзқараспен қарағанымыз жөн. Профессор киіктің тұяғы мен мүйізінен-ақ көптеген ауруға шипа табуға болатынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елімізде киіктердің үш популяциясы бар: Бетпақдала, Үстірт және Еділ-Жайық (Жайық). Әлемдегі киіктің 95 пайызы Қазақстанда болса, оның 65 пайызға жуығы Батыс Қазақстанда мекендейді.
Орман шаруашылығы және жануаралар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким биыл көктемгі санақ бойынша киіктің жалпы саны 1 миллион 915 мыңға жеткенін айтқан еді.
"Болжам бойынша биыл жыл соңында төлдеу кезеңінен кейін киік саны шамамен 2,6 миллионға дейін өседі", - деді Ким орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Киіктердің саны тез өсіп жатыр. Үкімет киіктердің санын реттеу үшін оларды аулау жайлы шешім қабылдады.
"Пандемия болды, экологиялық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр және адам қозғалысы да азайды. Табиғат кейде адамнан қарағанда нені өсіріп, нені азайту керегін жақсы біледі. Киік жалғыз Қазақстанның мүлкі емес, бұл әлемнің байлығы, бірақ көбі біздің аумақта мекендегендіктен, біз жауаптымыз. Біз оларды ату үшін халықаралық ұйымның рұқсатын алуымыз керек. Қазіргі таңда бізде рұқсатта жоқ. Жойылып бара жатқан жан-жануарды қорғайтын CITES (СИТЕК) халықаралық ұйымына ұсыныс берілсе деймін. Олар үш жылды бір рет қана ауқымды жиын өткізеді. Ұйымға біздегі киіктердің санының шектен асқанын айтып, оны шаруашылыққа қолдануға бағытталған ғылыми дәлелденген жоба ұсынуымыз керек. Қазақстандық ғалымдар тарапынан ұсынылып жатыр. Өкінішке қарай, нақты қаралып жатқан ешқайсысы жоқ. Басқа елден келген эксперттер не айтады? Мына елдің ғалымы бар ма, жоқ па дейді ғой. Біз киіктерді ату туралы шешімді мүлдем тоқтату керек. Қыра берсек, оларда мекендейтін жер көп (көрші елдер - еск.), сол жаққа ауып кетеді. Биыл министрлік желтоқсанда тағы атуды жалғастырамыз дейді. Ол кезде киіктер жұптасады, біз биологиялық заңдылық бойынша кедергі келтірмеуге тиіспіз. Олар сәуір мен мамыр аралығында төлдейді", - деді профессор.
Ғалым еңбектерінде киіктердің біздің халыққа ұқсас екені, бауырмалдығы туралы деректер бар.
"Сонымен бірге, киіктердің биологиялық ерекшелігі бар. Мәселен, әрбір популяцияның төлдейтін мекені болады және ол жерге жетпей төлдемейді. Олар адамға қарағанда туу процесін (құрсағында ұстап жүре алады - еск.) бірнеше күнге соза алады. Сондай-ақ, киіктер бөтен деп енесіз қалған құралайды қабылдамай қоймайды, қабылдап сүтін бере береді", - деді ол.
Киіктің бір қасиеті адам бар жерлерде жүруі екен.
"Киіктер адам жұмыс істеп жатқан маңайдағы суатқа барады. Өйткені ол жерде оларға бәсекелес немесе қасқыр секілді жыртқыштар болмайды. Адам бар жерде қасқыр болмайтыны белгілі ғой", - деді ғалым.
Ғалым киік етін өңдейтін арнайы комбинат салуды ұсынады.
"Киіктің еті жылқының етінен қарағанда 6 есе қымбат болуға тиіс. Неге? Жылқы жердегі шөптің сегізден бірін таңдап жейді, сондықтан оның етінің ерекшелігі көп. Ал ақбөкен 50 шөптің ішінен тек бірін таңдап жейді. Киіктердің мүйізі мен тұяғы және еті жайлы арнайы стандарттар дайындалуы керек. Мүйізден тұяққа дейін бәрін қайта өңдеу керек. Олардың қандай пайдасы бар, қандай дәрумен береді соған сараптама жасалса... Бізге мамандандырылған ет өңдеу зауыттары мен ғылыми орталықтар көптеп салынуы керек. Меніңше, егер мұндай жоба іске аса елімізден бірнеше Нобель сыйлығының лауреаты шығуы мүмкін. Бұл - біздің ғалымдар үшін төте жол!" - деді Нұрышев.
Қазақтың таным-түсінігінде киік киелі жануар саналады, соған орай "киіктің киесі ұрады" деген сөз де бар. Еске салайық, бұған дейін осы тақырыпта сарапшылармен сұхбаттасып, киікті аулау қаншалық дұрыс екенін сұрадық.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!