Нигерияда қаруланғандар католик интернат мектебіне шабуыл жасады. Салдарынан оқу орнынан 303 оқушы қыз бен 12 мұғалім ұрланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Бұл деректерді 22 қарашада Нигерия христиандары қауымдастығы ұсынды.
Оқиға Нигер штатындағы Папири елді мекеніндегі білім беру мекемесінде болған. Баскесерлер күзетшіні атып өлтіріп, ғимараттағы адамдарды күштеп алып кеткен. Қауіпсіздік күштері оқушыларды іздеп жатыр.
Нигериядағы көптеген мектеп қауіпсіздікке байланысты жабық тұр. Осы қайғылы жағдайға байланысты ел президенті Бола Тинубу Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында өтетін "Үлкен жиырмалық" (G20) саммитіне қатысудан бас тартты.
Бұған дейін бірнеше күн бұрын ғана баскесерлер елдің солтүстік-батысындағы Кебби штатындағы интернаттан 25 оқушы қызды, ал Нигерияның батысындағы Квара штатындағы шіркеуден тағы 38 адамды ұрлап кеткен. Кейінгі жағдайда әрбір кепілге алынған адам үшін 100 миллион найра (шамамен 100 мың еуро) көлемінде өтемақы талап етілген.
Қаруланғандар бірнеше жыл бойы елдің солтүстік-батысы мен орталық бөлігіндегі ауылдық аудандарда адамдарды ақша бопсалау мақсатында ұрлап келеді. Мұндай шабуылдар салдарынан мыңдаған адам қаза тапқан. Бандиттер бірнеше штат аумағын қамтитын кең орманды аймақтарда жасырынып жүреді.
Қарашаның басында АҚШ президенті Дональд Трамп Нигерияға әскер жіберемін деп сес көрсетті. Нигерияның солтүстігінде негізінен мұсылмандар, ал оңтүстігінде көбіне христиандар тұрады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек