Жақында нидерландылық ғалымдар шайтанарба әуесқойларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ақылды велосипед жасап шығарды.
Нидерланд ғылыми-зерттеу орталығының таныстыруына қарағанда, тек электр қуатымен ғана қозғалатын бұндай велосипедтердің рөліне алдынғы жақты бақылайтын құрылғы, артқы дөңгелегінің "лайқағарына" камера орнатылған көрінеді. Бұл велосипедтер алдағы екі жыл көлемінде сатылымға шығуы мүмкін. Ал, бағасы 1700-3200 еуро айналасында болады.
Бұл құрылғының несімен құнды екенін қысқаша түсіндірер болсақ: көліктің алдыңғы және артқы бағыттарды бақылағыштары өзара компьютер арқылы байланысқан. Шайтанарбаның отырғышы мен рөліне тербелткіш (вибрация) құрылғы қондырылған. Бұл қауіптің құлағы қылтиған сәтте иесіне ескерту жасайды. Анығы, қатер арт жақтан болса отырғыштағы, алдыдан болса рөлдегі тербелгіш қосылады.
Тағы бір ерекшелігі, велосипедке қарапайым компьютер орнатылған. Ол көлік механизмімен сымсыз жалғанған (байланысқан). Бұл компьютер көлікті белгілі дәрежеде меңгеру қабілетіне ие болып, қажет кезде сигнал бере алады. Мәселен, алдан бағдаршам бағанасы кезіккенде, болмаса арт жақтан келген көлік озбақшы болғанда белгі береді.
Аталған зерттеу орталығының маманы Maurice Kwakkernaat-тың айтуынша, велосипедтің қатысымен болған жол-көлік оқиғаларының көбі, жүргізуші жан-жағын бақылау мақсатында артына қараған сәтте немесе басқа көліктің оны басып озуы барысында болады екен. Зерттеуші ғалым жоғарыда аталған мүмкіндік осы қауіптің алдын алады деп сеніп отыр.
Аталған көлік сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ал, салмағы - 2.5 килограмм. Зерттеушілер алдағы уақытта бұдан да жеңіл етіп жасауды ойластырып жатыр.
P.S. Нидерланд елінде 17 миллион адам тұрады. Ал елдегі шайтанарбаның саны халық санынан кем дегенде бір миллионға көп. Мемлекеттегі велосипедке арналған жолдардың ұзындығы 25 мың метрге дейін жетеді. Осыдан-ақ бұл елде велосипедтің кең қолданыста екенін байқай аламыз. Бұдан да маңыздысы, бұл көлік түрін пайдаланушылардың көбісі қарт адамдар болғандықтан, елдегі зардап шеккен егде адамдардың саны артып отыр. Бір мысал, өткен жылы елде 187 шайтанарба жүргізушісі көз жұмған болса, оның 67%-ы қарттар екен. Осыған қарап бұл елде ақылды велосипедтің қаншалық керек екенін аңғару қиын болмаса керек.
Сурет: kv.pl.ua, ghost-bikes.kiev.ua