- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нейрожеліні пайдаланады: полиция...
Нейрожеліні пайдаланады: полиция алаяқтықтың жаңа түрін ескертті
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға алаяқтықтың жаңа түрін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
"Алаяқтар WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы өздерін мемлекеттік мекемелердің басшылары ретінде таныстырып, олардың суреттері мен видеоларын пайдаланады және құқықбұзушыларды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтады. Одан кейін олар сізді қылмыскерлерді ұстауға қатысуға шақырады.
Мысалы, алаяқтар нейрожеліні пайдаланып, Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Эльдар Данияровтың келбетін көшіре отырып, бейнебайланыс арқылы қоңырау шалады. Осыдан кейін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанып айтып, психологиялық қысым жасау арқылы азаматтарды өздерінің жеке жинақтарын Ұлттық банктің сақтандыру шоттарына аударуға итермелейді. Сонымен қатар, алаяқтар азаматтарды өз мүлкін сатуға, қарыз алуға және түскен қаражатты жеке шоттарға аударуға көндіреді", - деп жазылған мәліметте.
Полиция мұндай жағдайларда әңгімені тоқтатып, 102 нөміріне хабарласуды сұрады.
"Сақ болыңыз және алаяқтардың мұндай қулықтарына алданбаңыз", - деді Астана қаласының Полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдері.
Мұндай әрекеттер туралы "Қостанай жаңалықтары" өңірлік газеті әлеуметтік желілерде жазған.
"Лисаков қаласының журналисіне мессенджер арқылы ҰҚК тарапынан Журналистер одағында тексеру жүргізіліп жатқаны және жақын арада оған қызметкерлер хабарласатыны туралы хабарлама келіп түскен. Әңгімелесуші өзін Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев деп таныстырып, ескерту мақсатында жазып отырғанын айтқан. Аватарға да осы адамның суреті қойылған. Журналист Матаевтың қазіргі лауазымын ойламастан (бұл нақты адам - еск.), мұндай ескертуге күмәнмен қараған. Одан әрі алгоритм бойынша әртүрлі "органдардан" біреулер хабарласып, "облыстық полиция департаментінің қызметкерінен" бейнеқоңырау түседі. Алаяқтар жәбірленушінің шоттарынан арнайы әскери операцияға қомақты сома аударылғанын, енді оған қатысты терроризмді қолдау туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Жалған тәртіп сақшысы журналистің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін онлайн карта ашу керек екенін айтады. Алаяқтар облыстың атауын атай алмай қолға түскен", - деді Қостанай облысы ПД киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы полиция капитаны Олжас Магыпаров.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова