Кешке қандай фильм көретініңізді білмей, ұзақ іздеп отырасыз ба? Netflix бұл мәселені жасанды интеллект көмегімен шешуді жоспарлап отыр. Компания теледидарға арналған қосымшасында AI Discover атты жаңа функцияны сынай бастады, деп хабарлайды Massaget.kz.
3 қарашада таныстырылған жаңа бөлім көрерменнің көңіл күйін, қызығушылығын, көрілім тарихын және бос уақытын ескеріп, фильмдер мен телехикаяларды ұсынады. Сондай-ақ жүйе платформадағы қазіргі трендтерді де назарға алады.
Егер ұсынылған фильм ұнамаса, пайдаланушы оны келесі жолы көрсетпеуді сұрай алады. Жүйе бұл таңдауды есте сақтап, кейінгі ұсынымдарын соған қарай бейімдейді.
Netflix бұған дейін де фильмдер мен телехикаяларды жекелендіріп ұсыну үшін машиналық оқыту мен жасанды интеллект технологияларын пайдаланған. Алайда AI Discover – көрермендердің өздері тікелей қолдана алатын алғашқы ЖИ құралы.
Әзірге жаңа мүмкіндік АҚШ-тағы Netflix қызметін ағылшын тілінде пайдаланатын көрермендер арасында сынақтан өтіп жатыр. Алдағы апталарда функцияны басқа елдерге де тарату жоспарланған. Болашақта ол қазақстандық қолданушыларға да қолжетімді болуы мүмкін.
О. Сансызбай