Қазақстанда тұтынушылық несиелер мен ипотекалық несие - 9,8 триллион теңге. 8 миллионға жуық қазақстандықтың қолданыстағы несиелері бар. Қарыздан қалай тезірек құтылуға болады? Оның жолдарын қаржыгер Мақсат Халық түсіндіріп берді.
Қайта есептеу
Мақсат Халықтың сөзінше, ең алдымен, тұтынушылық құқық толық сақталуы керек. Кез келген клиент өзі келісімге отырған екінші деңгейлі банкпен шартты жаңарта алады. Ал бұл өз кезегінде несиені тез жабуға көмектесуі мүмкін.
"Борышкер болсаңыз да, сіз банктің клиенті болып қала бересіз. Банкке өтініш жазып, қарызды қайта есептетуге болады. Яғни бұған дейін айына 35 мың теңге төлеп жүрсеңіз, қайта есептеуден кейін ол соманы өсіре аласыз. Әрине, ол кез келген адамның қаржылық мүмкіндігіне тікелей байланысты, бірақ көп жағдайда артық ақшасы бар адамдардың өзі келісімшарттың кесірінен шығынға батып жатады. Ал оны өзгертуге болатынын екінің бірі біле бермейді", - дейді ол.
Қайта қаржыландыру
Қайта қаржыландыру - несие саясатының әдісі, ескі берешекті жаңа міндеттемелер қабылдау жолымен өтеу. Экономистер бұл әдісті несиені тез жабу үшін таптырмас құрал деп санайды.
"Бұл тек бір жағдайда дұрыс болады. Мысалы, кезінде жоғары пайызбен несие алдыңыз, бірақ келесі жылы елдегі экономикалық жағдай тұрақталып, инфляция қалыпқа келгенде базалық мөлшерлеме түседі, яғни несиенің пайызы төмендейді. Осы уақытта несиені қайта қаржыландырып, қарыздың үстінен төлейтін пайызын азайтуға болады. Қысқаша қайырғанда, несие мөлшерлемесі сіз алған уақыттан қазір төмен болып тұрса, онда қайта қаржыландыруға болады. Осы ретте ескеретін жайт бар: қайта қаржыландыру кезінде үстінен тағы қаражат алуға болмайды", - деді қаржыгер.
Депозит ашу
Мақсат Халық көп жағдайда депозитті несиесі бар адамдар ашпайтынын айтады. Оның пікірінше, бұл қаржылық сауаттың төмендігінен.
"Қазір несие алатын емес, депозит ашатын уақыт екенін айтқым келеді. Неге десеңіз, бүгінде депозиттердің пайызы өсті. Ал тұтынушылық несиелердің базалық мөлшерлемесі елдегі экономикалық ахуалға байланысты тиімді болмай қалды. Несиені тез жабу үшін депозит болуы керек. Табыстың кемінде 10 пайызын депозитке құятын болсаңыз, жыл соңында оның үстінен түсетін пайда кемінде 14 пайыз болады. Ал бұл несиенің пайызын өтеуге көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, депозиттен түскен бонуспен несиенің пайызын жабу керек. Сол кезде несие де тез жабылады және шығынға көп батпайтын боласыз", - дейді ол.
Көшкін әдісі
Бұл әдіс клиенттің бірнеше несиесі бар болған жағдайда қолданылады.
"Әрине, логикаға салсақ, сомасы аз несиені бірінші жапқан тиімді көрінеді, себебі несиені тез жабуға қосымша мотивация пайда болады. Дегенмен, ең бірінші негізгі қарызды жабуды ойлау керек. Одан кейін ғана пайызы жоғары несиені толық өтеуге тырысу керек. Пайызы жоғары несиенің сомасы аз да болуы мүмкін, көп те болуы мүмкін, сондықтан бұл тұста кесіп айту қиын", - деді маман.
Қосымша табыс
Мақсат Халық несие жабуда негізгі табыс көзін ғана қарастыруға болмайтынын айтты.
"Қосымша табыс көзін табуға тырысу керек. Ол үшін қазір көптеген мүмкіндік бар. Қашықтан жұмыс істеуге де болады. Ең бастысы, несие сомасын жаба алатындай қосымша табыс болғаны маңызды. Сол кезде негізгі табысты депозитке құюға болады", - деп сөзін аяқтады ол.