Несиені мерзімінен бұрын өтеу: ақшаның бір бөлігін қалай қайтаруға болады?

Несиені мерзімінен бұрын өтеу: ақшаның бір бөлігін қалай қайтаруға болады?
Фото: Tengrinews.kz

Несиені мерзімінен бұрын толық өтеген азаматқа сақтандыру сыйлықақысының пайдаланылмаған кезеңге тиесілі бөлігі қайтарылуы мүмкін. Қанша қаражат алуға болады, қайда өтініш беру керек және ақша қандай мерзімде төленуге тиіс? Бұл сұрақтарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап берді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Сақтандыру ақшасы кімге қайтарылады?

Бұл мүмкіндік банк несиесімен немесе микрокредитпен бірге ерікті сақтандыру шартын рәсімдеген және кредитор алдындағы міндеттемесін мерзімінен бұрын толық орындаған жеке тұлғаларға қатысты. Мысалы, қарыз алушының өмірі мен денсаулығын немесе кепілдегі мүлікті сақтандыру шарты болуы мүмкін.

Қаражатты алу үшін қарыз алушы сақтандыру компаниясына өзі хабарласып, шартты бұзу және сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтару туралы өтініш беруі керек. Ақша автоматты түрде қайтарылмайды.

Маңызды
Бұл тәртіп міндетті емес, несиеге қоса рәсімделген ерікті сақтандыруға қатысты. Нақты талаптар сақтандыру ережесі мен шартта көрсетіледі.

Қанша ақша қайтаруға болады?

Агенттік мынадай мысал келтірді: несие мен сақтандыру бес жылға рәсімделді, полис құны – 150 мың теңге. Қарыз алушы несиені бір жылдан кейін толық өтеді.

Есеп қалай жүргізіледі?
Полистің жалпы құны150 000 теңге
Пайдаланылған бір жыл30 000 теңге
Қалған төрт жыл120 000 теңге
Ұсталуы мүмкін ең жоғары шығын15 000 теңге
Қайтарылатын сома105 000–120 000 теңге

Сақтандыру қолданылған бір жылға 30 мың теңге тиесілі. Ал аяқталмаған төрт жыл үшін 120 мың теңге қалады. Сақтандыру компаниясы шартты бұзуға кеткен шығынды осы сомадан ұстай алады. Бірақ ол бүкіл сақтандыру сыйлықақысының 10 пайызынан, яғни бұл мысалда 15 мың теңгеден аспауға тиіс.

Егер компания рұқсат етілген ең жоғары соманы ұстаса, қарыз алушыға 105 мың теңге қайтарылады. Ал нақты шығын аз болса, төлем мөлшері 120 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

“ Сақтандырушы өтінішті алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде сақтандыру қолданылған уақытқа сәйкес келетін бөлік пен шығындарды шегеріп, қалған сақтандыру сыйлықақысын жеке тұлғаға қайтаруға міндетті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қайда жүгіну керек?

Өтініш тікелей сақтандыру компаниясына беріледі. Өтініш беру тәртібі мен қажетті құжаттар тізімі сақтандыру ережесі және шарт талаптарымен айқындалады.

Қажет болуы мүмкін құжаттар
1Несие немесе микрокредит шарты
2Сақтандыру шарты
3Несиенің мерзімінен бұрын толық өтелгенін растайтын құжат

Сақтандыру компаниясы бас тартса не істеу керек?

Егер сақтандыру компаниясы ақшаны қайтарудан бас тартса, жауап бермесе немесе тиесілі сомадан аз қаражат төлесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге болады.

Өтінішке несие және сақтандыру шарттарын, несиенің толық өтелгенін растайтын құжатты, сақтандыру компаниясына берілген өтінішті және компанияның жауабын, егер ол бар болса, қоса тіркеу қажет.

Қарыз алушылар көбіне неге шағымданады?
  • сақтандыру сыйлықақысын қайтарудан бас тартуға;
  • төлем сомасымен келіспеуге;
  • ақшаның кешіктірілуіне;
  • сақтандыру талаптары туралы ақпараттың жеткіліксіздігіне.

Қысқаша әрекет реті

1
Несиенің толық жабылғанын растаңыз
Банктен немесе микроқаржы ұйымынан растайтын құжат алыңыз.
2
Сақтандыру компаниясына өтініш беріңіз
Шартты бұзып, пайдаланылмаған кезең үшін ақшаны қайтаруды сұраңыз.
3
Бес жұмыс күнін күтіңіз
Өтініш алынған күннен бастап төлем осы мерзімде жасалуға тиіс.
4
Құқығыңыз бұзылса, Агенттікке жүгініңіз
Өтінішіңізді және барлық растаушы құжатты тіркеңіз.

Ескерту: қайтарылатын нақты сома сақтандыру шартының қолданылған мерзіміне, шарт талаптарына және сақтандыру компаниясының құжатпен расталған шығындарына байланысты есептеледі.

О. Сансызбай
Logotype Massaget