Қостанай облысында заңсыз микроқаржы қызметімен айналысып, қылмыстық жолмен келген кірісті заңдастырған жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті күдікті заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қойып, қарыз беру қызметін ұйымдастырғанын анықтады.
Тергеу мәліметінше, ол клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнама жариялап, қиындыққа тап болған және банктерден несие ала алмаған азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін қарыз берген.
Сонымен қатар, нотариалды куәландырылған шарттарда қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, рәсімдеу шығындары және өзге де төлемдер қосылып, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген.
Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 миллион теңге алғанымен, құжатта 14 миллион теңге көрсетілген. Кейін оған 18 миллион теңге көлеміндегі тағы бір қарыз шарты рәсімделгенімен, бұл қаражат іс жүзінде берілмеген. Салдарынан сот шешімімен азаматтан 26 миллион теңге өндірілген.
Ведомство мәліметінше, заңсыз әрекеттер салдарынан 50-ден аса адам тиімсіз шарттармен қарыз алған. Ал қылмыстық жолмен келген кіріс көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Сот үкімімен айыпталушы 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, сот қылмыстық жолмен келген табысқа сатып алынған төрт пәтерді, екі жер телімін және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe көліктерін мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!