Дүкен сатып алған тауарыңызды қайтарып алуға келіскенімен, несие автомат түрде жабылмауы мүмкін. Банк несие шартының тоқтатылғанын және берешектің жоқ екенін ресми растамайынша, қарыз алушы төлемдерді белгіленген кестеге сай төлеп отыруы керек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тауарды қайтару мен несиені жабу – екі бөлек мәселе
Тауарды несиеге сатып алған адам дүкенмен және банкпен бөлек келісім жасайды. Сондықтан тауарды дүкенге қайтару банктің алдындағы қарыз міндеттемесін өздігінен тоқтатпайды.
Алдымен тауарды дүкенге қайтарып, сатушының оны қабылдағанын және ақшаны қайтаруға міндеттенгенін растайтын құжат алу қажет. Содан кейін банкке хабарласып, ақшаның қалай қайтарылатынын нақтылап алған жөн. Яғни дүкен қаражатты тікелей банкке аудара ма, әлде сатып алушыға қайтара ма? Егер ақша сатып алушының өзіне берілсе, ол несиесін өзі өтеуге тиіс.
"Несие төлеуді өз бетінше тоқтатқан жағдайда қарыз жиналып, төлем мерзімі өтіп кетуі мүмкін", – деп ескертті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Қандай құжаттарды сақтау керек және банктен нені нақтылаған жөн?
Банк несиенің жабылғанын ресми растамайынша, төлемдерді белгіленген кесте бойынша төлей беру қажет.
Ақша қайтарылғаннан кейін банктен несиенің толық жабылғанын және ешқандай берешек қалмағанын растайтын құжат сұрау керек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, мұндай растау ретінде банктің ресми ақпараты, соның ішінде қарыздың жоғы туралы анықтама мен несиенің жабылғанын растайтын құжат берілуі мүмкін.
Тауарды қайтарғаннан кейін несие пайыздарын қайтарып алуға бола ма?
Дүкен тауарды кері қабылдағаны үшін бұрын төленген несие жарналары мен комиссиялар автомат түрде қайтарылмайды.
Бұл мәселе жасалған шарттардың талаптарына, тауарды қайтару себебіне және дүкен мен банктің өзара есеп айырысу тәртібіне байланысты шешіледі.
Егер тауарды қайтару рәсімделгенімен, банк жүйесінде қарыз әлі көрсетіліп тұрса, дүкеннен ақшаның аударылғанын растайтын құжатты, ал банктен берешектің жазбаша есебін сұрату қажет.
Несие тарихында қате мәлімет пайда болса, қарыз алушы банкке жүгініп, оны түзетуді талап етуге құқылы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, егер қарыз міндеттемесі заңды түрде тоқтатылғаннан кейін де банк төлем есептеуді жалғастырса, мұндай әрекет заңсыз болып саналады.
Егер банкпен арадағы дауды шешу мүмкін болмаса, азамат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады. Ал сатушыға қатысты мәселелер тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының құзыретіне жатады.
Сатып алынған тауарды кез келген жағдайда қайтара алмайсыз
Тауарды қайтару тәртібі оның қандай себеппен қайтарылатынына байланысты.
Мәселен, сапасы талапқа сай тауарларға қатысты кейбір ерекшеліктер бар. Соның бірі – сәйкестендіруден өткен смартфондар. Мұндай телефондарды сатып алғаннан кейін 14 күн ішінде тауарды айырбастау немесе қайтарудың жалпы тәртібімен кері өткізуге болмайды.
Ал телефоннан ақау шықса немесе оны қайтаруға заңда көзделген өзге де негіз болса, сатып алушы сатушыға тиісті талап қоюға құқылы.
Бұған дейін Ақтөбе тұрғыны несиеге сатып алған құны 1,3 миллион теңгеден асатын шаңсорғышты дүкенге қайтарғаны хабарланған еді.
Азамат тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін сатып алу-сату шарты бұзылып, несие де жойылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz