Несие бұрынғыдай тек қиын жағдайда жүгінетін соңғы шешім болудан қалды. Қазір телефон, киім, әуе билеті, жиһаз, косметика және тұрмыстық техниканы бөліп төлеуге рәсімдеу аз уақыт алады. Бұған қоса, бұрынғы қарыздарын өтеу немесе жалақы түскенге дейін күнделікті шығындарын жабу үшін жаңа қарыз рәсімдеуге мәжбүр азаматтар саны артып барады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің (бұдан әрі – ҚР Ұлттық банкі) 2026 жылғы 1 шілдедегі мәліметі бойынша, халықтың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызы 25,8 триллион теңгеден асқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,6 пайызға көп. Ал "Бірінші кредиттік бюро" (бұдан әрі - БКБ) мәліметінше, екі немесе одан да көп несиесі бар борышкерлер үлесі 76,9 пайыз болған. Басқаша айтқанда, бірнеше несиенің болуы қазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналып барады. Бұл өз кезегінде халықтың кредиттік жүктемесін арттырып, төлем тәртібіне қатысты тәуекелдерді күшейтеді. ҚР Ұлттық банкі мәліметіне сүйенсек, мерзімі өтіп кеткен қарыз көлемі 1,1 триллион теңгеден асып отыр. Оның 1,06 триллион теңгесі дәл осы тұтынушылық несиелер бойынша. Бұл көрсеткіш жыл басымен салыстырған күнің өзінде 19,4 пайызға артқан. Осы тұста несие тарихын ерте бастан бақылап, оны бүлдіріп алмау немесе уақытылы жақсарту бұрынғыдан да өзекті мәселеге айналып отыр.
Несие тарихы дегеніміз не?
Несие тарихы – бұрын алынған және қолданыстағы кредиттер, сондай-ақ оларды өтеу бойынша міндеттеменің орындалуы туралы мәліметтер қамтылған есеп. Ол алғашқы несие алған кезден бастап құрастырылады. Онда қарыздың көлемі, төлемдердің уақытылы жүргізілгені, мерзімі өткен берешектер және толық өтелген несиелер туралы ақпарат сақталады.
Сондай-ақ, несие тарихында тек алынған қарыздар туралы ғана емес, кредит беру шарттарының өзгеруі, соның ішінде кредит мерзімінің ұзартылуы (пролонгация) туралы да мәліметтер болады. Бұл ақпаратты Екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – ЕДБ) және басқа да қаржы ұйымдары клиенттің төлем қабілетін бағалау үшін пайдаланады.
Несие тарихына не әсер етеді?
Несие тарихына төлемдерді кешіктіру және мерзімі өткен берешектер әсер етеді. Сондай-ақ несие тарихына қысқа мерзім ішінде көптеген өтінім беру теріс әсер ететінін түсіну маңызды. Бұл ретте, "БКБ" мәліметінше, кредитті мерзімінен бұрын өтеп тастаудың несие тарихына түбегейлі әсері жоқ. Кредитті мерзімінен бұрын өтеу дерегінің өзі болашақта кредит алуға оң немесе теріс әсер етпейді. Қаржы ұйымдары бір көрсеткішті әртүрлі бағалауы мүмкін. Несие беру туралы түпкілікті шешімді өтінімді қарастырып жатқан ұйым қабылдайды.
Несие тарихын жақсартуға бола ма?
Қазақстанда несие тарихына қатысты ақпаратты екі ұйым "Мемлекеттік кредиттік бюро" мен "БКБ" жинақтайды. Несие тарихы туралы мәліметтер тұрақты түрде жаңартылып отырады және қарыз алушы туралы соңғы ақпарат алынғаннан кейін 5 (бес) жыл бойы сақталады. Дегенмен несие тарихын біртіндеп жақсартуға болады. Ең маңызды қағида - барлық қарызды уақытылы өтеу.
Көпшілікті қызықтыратын тағы бір мәселе - несие тарихын толық "тазартуға" немесе нөлден бастауға бола ма? Бірден атайық, мұндай мүмкіндік жоқ. Оны жақсартудың жалғыз жолы - жаңа немесе төлеп жүрген қарыз бойынша барлық қаржылық міндеттемені уақытылы әрі толық орындау. Тұрақты төлем жасау уақыт өте келе несие тарихын жақсартуға ықпал етеді.
Неліктен несие тарихын тексеріп тұрған жөн?
Кей адамдар несие тарихын ипотека, тұтынушылық немесе автонесие рәсімдер алдында ғана тексереді. Бұл алдағы жоспарларыңызға кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені оны тұрақты тексерудің бірнеше маңызды себебі бар. Ең алдымен, есепте техникалық қателер болуы мүмкін. Мысалы, бұрын толық өтелген несие әлі жабылмаған болып көрінуі немесе төлем туралы мәлімет кеш жаңартылуы ықтимал. Оны түзеу үшін "БКБ" немесе даулы ақпаратты берген ЕДБ не өзге ұйымға тікелей хабарласуға болады. Сонымен қатар егер жақын арада несие алуды жоспарласаңыз, несие тарихын алдын ала тексеру арқылы өз жағдайыңызды бағалап, қажет болса оны біртіндеп жақсарта аласыз. Бұл өтініштің мақұлдануына ықпал етеді.
Несие тарихын қалай тексеруге болады?
Қазақстанда несие тарихын онлайн сервистер арқылы тексеруге болады. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, Қазақстанның әр азаматы өзінің дербес кредиттік есебін жылына 1 (бір) рет тегін ала алады. Ал сол жыл ішінде қайталап сұрату ақылы болады.
Есепті мына жолдармен алса болады:
• ЖШС "БКБ" сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы;
• eGov.kz порталы, ХҚКО, "Қазпошта" бөлімшелері және ЖШС "БКБ" кеңсесінде;
• "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ арқылы.
Алынған есепті мұқият қарап шығу артық болмайды.
Бұдан не түйеміз?
Несие тарихы қарызды өтеумен ғана аяқталмайды - ол жаңа несиелер алу мүмкіндігіне де әсер етеді. Сондықтан мамандар қарыз рәсімдемес бұрын қаржылық мүмкіндіктеріңізді объективті түрде бағалауды ұсынады. Себебі қателерді түзету едәуір уақытты алуы мүмкін.
"Фридом Банк Қазақстан" АҚ ұсынған материал
Massaget.kz