Несие алып, оны төлей алмай жататын жағдайлар болады. Мұндайда банк қарыз алушы туралы ақпаратты коллекторлық агенттіктерге береді. Тиісінше, агенттік қызметкерлері несие алушымен байланысқа шығып, кредитті төлеу керегін ескертеді. Несиенің коллекторлық агенттіктерге өтіп кетуі несие тарихына қалай әсер етуі мүмкін? Қарыз коллекторлық агенттіктерге өтіп кеткен жағдайда қандай мәселе туындауы мүмкін? Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева түсіндіріп берді.
Коллекторлар деген кімдер?
Әсем Нұрғалиева коллекторлардың кім екенін, олардың жұмысы туралы түсіндіріп берді.
"Көп адам коллекторлар қолында дубинкалары бар, ұрып-соғатын қатігез адамдар деп елестеді. Шын мәнінде, олай емес. Негізі, коллекторлық агенттердің кеңсесіне жолыңыз түссе, қарапайым call-орталық қызметкерлері отырған үлкен ғимарат екенін түсінесіз. Олар қарыз төлеушімен байланысудың жолдарын іздеп, оларға хабарласады. Коллекторлар несиені төлеу қажет екенін ескертіп, арасында өте көп хабарласуы мүмкін. Бірақ ешқандай физикалық байланыс болмайды", - дейді ол.
Несиені төлеу тәртібі коллекторлық компанияда қалай жүзеге асырылады?
Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, несиені төлеу тәртібі әр коллекторлық компанияда әртүрлі. Бірақ оның негізгі екі түрі бар.
"Бірінші жағдайда несие қарызы банкте қалады, бірақ коллекторлар несиені өндіріп алу процесін жүзеге асырады. Яғни олар өз call-орталығы арқылы адамдарға хабарласады. Бұл жағдайда олар тек "сізге банкке хабарласып, келісімшартта көрсетілген реквизиттер бойынша несиені төлеу қажет екенін" түсіндіреді. Екінші жағдайда банк несиені коллекторлық агенттікке сатып жібереді. Бұл жағдайда сіз несиені банкке емес, коллекторға төлейсіз. Демек, коллектор несиені төлеу тәртібін өзі анықтайды да несиені қайда төлеу керегін түсіндіреді", - дейді маман.
Ұзақ уақыттан бері төленбей кеткен несие қарызын пайызсыз, өсімпұлсыз қайта есептеуге өтініш жазып төлеуге болады. Алайда, Әсем Нұрғалиеваның сөзінше, бұл жағдайда да шешімді әр банк немесе коллекторлық агенттік жеке қабылдайды.
"Яғни егер банк жай ғана коллекторлық агенттіктің көмегіне жүгінсе, шешімді банктің өзі қабылдайды. Ал егер банк несиені коллекторлық агенттікке сатып жіберсе, шешімді агенттік қабылдайды. Яғни әр банк, әр коллекторлық агенттік несие алушының қарызын қайтадан төлеуіне арналған шартқа қатысты шешімді жеке қабылдайды", - деп түсіндірді маман.
Әсем Нұрғалиева ол Кредиттік бюрода қалай көрсетілетінін түсіндірді. Оның сөзінше, егер қарыз коллекторлық агенттікке табысталса, несие тарихында қарыз қайта табысталған деген белгі тұрады.
"Осы сәттен бастап коллекторлық компания несие бюросына ақпарат беруі керек. Көбіне коллекторлық компанияға өтіп кеткен (сатылған) несие келісімшарты туралы ақпараттар қайтадан жаңартылады. Егер олар жай ғана коллекторлық компанияға өңдеу үшін жіберілсе, демек ол қарыз әлі де банкке тиесілі, банк сол бойынша ақпаратты өңдейді деген сөз. Яғни қарызды өтеу несие тарихында жазылады", - дейді Әсем Нұрғалиева.
Егер несиені өтеушінің қарызы коллекторлық компанияға сатылып кетсе, оны қалай өтеу керек?
Біріншіден, коллекторлық агенттікке хабарласу керек. Жай ғана барып, оны шығарып тастау мүмкін емес, себебі қарыз біраз уақыт бойы төленбеген. Сондықтан ең алдымен, коллекторларға хабарласып, келісу керек.
Несие коллекторларға өтіп кетпеуі үшін не істеу керек?
Әсем Нұрғалиева көбіне 80-90 пайыз несие бойынша коллекторлық агенттіктер жұмыс істейтінін айтады.
"Бірақ коллекторлық компаниялар несиені сатып алатын жағдай сирек кездеседі. Сондықтан бұл жағдайда сізге коллекторлық компаниядан хабарласқан күннің өзінде қарыз әлі де банкте болуы мүмкін. Яғни несиені бұрынғыдай келісімшарттағы реквизиттер бойынша төлей бересіз. Егер қарыз коллекторлық агенттікке сатылып кетсе, демек төлеу мерзімін өткізіп алу мөлшері (просрочка) көп болған. Бірақ бұл жағдайда да белгілі бір формула жоқ. Бір шеті барлық несие ұйымы кредитті өздері төлете алмаса коллекторлық агенттіктерге сатып жіберуі мүмкін. Мысалы, несие ұйымы қарыз өтеушіні таба алмауы мүмкін деген секілді. Кейде коллекторлық компанияларға әу баста сатып жіберетін жағдайлар болады. Бірақ мұндай жағдайлар сирек болады. Себебі қарызды сату кезінде ол үлкен дисконтпен сатылады", - дейді маман.
Коллекторларға өтіп кеткен несие қарызды өтеушіде кредитті төлеу бойынша мәселе барын көрсетеді.
"Егер мұндай мәселе болса, ол әрине жаңа несие алуда проблема тудыруы мүмкін", - дейді Әсем Нұрғалиева.
"Несие тарихы мінсіз болса да көмектеспейді". Кредит берілмейтін жағдайлар
Несие қарызы коллекторға өтіп кеткендерге қандай қауіп бар?
Маманның айтуынша, бұл жағдайда үлкен мәселе туындамайды.
"Егер коллектор банкпен жүргізілген келісім бойынша жұмысты қолға алса, бұл жағдайда кредитті банкке төлейсіз. Банк несие бюросында ақпаратты қайтадан жаңартады. Сөйтіп, несие бюросында қарыз жабылғаны туралы ақпарат пайда болады. Егер қарыз өтеуші несиесін коллекторлық агенттікке төлесе, коллекторлық компания қарыз беруші болып саналады. Бұл жағдайда коллекторлық агенттік ақпаратты несие бюросында жаңартып, ол төленгені туралы ақпарат береді.
Бұл жерде айта кететін бір жайт - несиені коллекторлық агенттікке төлейтін адамдар ең алдымен, несие бюросына хабарласып, қарыз өтелгені туралы ақпарат берсе, біз өзіміз тексеріс жүргізіп, сол коллекторлық агенттікпен байланысып, несие тарихындағы ақпаратты жаңартуды сұраймыз. Бұл өте маңызды", - дейді маман.
"Қара тізімнен" шығып, несие тарихын жақсарту жолдары - Маман кеңестері