- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Несие аларда не...
Несие аларда не білу керек? Маңызды 5 кеңес
Кредиттік бюроның деректері бойынша, 7,46 миллионнан аса қазақстандықтың қолданыстағы несиелері бар. Олардың басым бөлігі банктердің қарызға ақша беру шартының талаптарына шағымданған. Белгілі экономист Мақсат Халық несие рәсімдеуде ескерілуі керек жайттар туралы түсіндірді.
Экономист әңгімесін статистикадан бастап, Қазақстанның несие туралы саясатын түсіндірді.
"Ең әуелі несие инструментіне тоқталғым келіп тұр. Қарапайым тілмен айтқанда, несие дегеніміз қарызға жедел берілетін қаражат. Ұмытпайық, несие қарызға беріледі және оның пайыздық өсімі болады. Қазақстанда тұтынушылық несиелер мен ипотекалық несиелердің барлығын қоссақ, 9,8 триллион теңге шығады екен. Әжептәуір қаражат. "Халықты несиелендіру" деген ұғым бар. Әлемнің кез келген мемлекетінің орталық банкі осы миссияны орындайды. Неге десеңіз, несие экономиканың даму жылдамдығын арттырады. Қазақстан да дәл осы позицияны ұстанады. Дегенмен, біздің елде мұндай сценарий жүрмейді. Өйткені Қазақстан дамушы мемлекет екенін ұмытпайық, сол себепті де несиелердің пайызы жоғары, халыққа пайдасынан зияны көп", - дейді ол.
Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі немесе 50 пайыз мөлшерлеме қайдан шықты?
Мақсат Халық несие рәсімдеудің ең тиімді жолдарына тоқталып, банктердегі пайыздық мөлшерлеменің маңызын айтты.
"Несие алудың тиімді жолдарына тоқталсақ, ең алдымен, қай банктің пайызы төмен екенін зерттеу қажет. Әдетте пайыздар екіге бөлінеді: біріншісі - атаулы пайыздық мөлшерлеме, екіншісі - жылдық пайыздық мөлшерлеме. Осы тұста сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі деген ұғымға ерекше көңіл бөлу керек. Қарапайым мысал, банктер көптеген жарнамада 10-12 пайызбен несие беретінін үлкен әріптермен жазып, астына СЖТМ 27 немесе 33 пайыздан басталатынын көрсетеді. Енді мұны оқыған адам 12 пайызбен несие ала аламын деп ойлайды, бірақ оның артында 33 пайыздан басталатын мөлшерлеме тұр. Бұл пайыздық мөлшерлеме, тіпті 50 пайыздан да басталуы мүмкін. Демек, банктер әр тұтынушыға әртүрлі пайызбен несие береді деген сөз. Егер қаржылық біліміңіз болмаса, онда сізге несиені көбірек пайызбен беруге тырысады. Мәселен, 1 миллион теңгені 3 жылға 50 пайызбен рәсімдейтін болсаңыз, жылына 500 000 теңгеден төлейсіз. Сонда несиені 2 500 000 теңге көлемінде қайтаратын боласыз. Артық төленген сома көлемі - 1 500 000 теңге", - деді ол.
Келісімшарт және ондағы пунктер
Экономист одан кейін жеке тұлға мен банк арасындағы келісімшартқа екпін қойды.
"Екіншіден, келісімшартпен толық танысып шығу керек. Біз көп жағдайда оған мән бермейміз, тіпті оны оқымайтындары да аз емес. Келісімшартта мынандай бір пункт бар, мұны өзім де бірнеше рет байқадым. Онда былай деп жазылған: "Егер жылдық инфляция 10 пайыздан асып кетсе, онда банк сіздің несиеңізді қайта қарастырады немесе қарызыңызды қайта қаржыландыруға өткізеді". Құжаттағы қайта қарау және қарастыру деген сөздер тек банктің пайдасына шешіледі, қарапайым тілмен айтқанда, сіздің пайызыңызды арттырады", - дейді Мақсат.
Тең бөліп төлеу неге тиімді?
Оның айтуынша, елдегі екінші деңгейлі банктер несие рәсімдеуде көптеген қулыққа барады. Қаржыгер аннуитет және дифференциал төлем жолдарының айырмасын түсіндірді.
"Қаржы менеджері несиені қандай жолмен, қандай кесте бойынша қайтаратыныңызды сұрауы керек. Оның аннуитет және тең бөліп төлеу, яғни дифференциал төлем жолдары бар. Әдетте қаржы менеджерлері клиентке ескертпей, өздігінен аннуитет төлем комбинациясын таңдап береді. Ал негізі тең бөліп төлеу әлдеқайда тиімді. Мысалы, миллион теңгенің өзін 3 жылға алсаңыз, үстінен қосып төлейтін соммадан 200 000 теңгедей ұтып шығасыз.
Одан кейін мынандай жағдай болады. Сізде қосымша ақша пайда болып, несиені мерзімінен бұрын жапқыңыз келсе, тура сол несиеге алған ақшаңызды төлеу керек болады. Сонда сізде бір жыл бойы 50 мың теңгеден не төледім деген сұрақ туады. Сіз бар болғаны несиенің пайызын ғана төлеп келгенсіз. Жаңағы аннуитет төлем арқылы бірінші кезекте пайызды өтейсіз, содан кейін ғана негізгі қарызды төлейсіз. Ал тең бөліп төлеу жолын таңдасаңыз, мұндай әбігерге салынбайсыз. Мәселен, алғашқы төлеміңіз шартты түрде 65 мыңнан басталса, ай сайын ол мың теңгеге азайып отырады. Көп адамдар соны таңдағысы келмейді, әсіресе, үлкен кісілер. Себебі оның кестесін бағып, келесі айдың төлемі қанша шығады екен деп бас ауыртқылары келмейді. Әр айда 50 мыңнан төлеп, аннуитетке үйреніп қалған. Енді қараңыз, егер тең бөліп төлеуді таңдасаңыз, төлеміңіздің жартысы негізгі қарызды, жартысы пайызды жабуға жұмсалады. Сонда сіз әр айда шамамен 30 мың теңгеге негізгі қарызыңызды жауып отырасыз. Миллион теңгелік несиені бір жылдан кейін төлегіңіз келсе, 365 мың теңге үнемдейсіз. Сіздің жалқаулығыңыздың құны осынша болып тұр ма?" - дейді ол.
Несие комиссиялары туралы не білеміз?
Мақсат Халықтың сөзінше, несие комиссиясының шығынын азайтуға болады.
"Халық арасында көп айтылатын жасырын комиссиялар туралы да айтайық. Негізі, оның барлығы көрінетін пайыздар, ешқандай да жасырын комиссия жоқ. Комиссиялардың барлығы алдын ала жазылған, біз оған тек мән бермейміз. Көптеген банктер несие беріп жатқан кезде қулыққа барады. Мысалы, миллион теңгені несиеге рәсімдейсіз, бірақ банк ақшаны шешіп алу үшін, шотқа аудару үшін 7 пайыз ұстап қалады. Сонда қолға миллион емес, 927 мың теңге түседі, қалғаны комиссия болып ұсталады. Алайда келісімшартта миллион теңге көрсетіледі. Тіпті, қосымша пайыз да миллион теңгемен өлшенеді. Осындай комиссиядан сақ болған дұрыс. Сондықтан Ұлттық банктің сайтынан рұқсат етілген комиссияларды зерттеу керек. Егер артық төленген комиссия болса, банктен өтеп алуға болады", - деді экономист.
Несиені сақтандыру міндетті ме?
Сонымен қатар, ол несиені сақтандыру жүйесі туралы да сөз қозғады.
"Тағы да аса маңызды мәселе бар. Әңгіме сақтандыру туралы болады. Банк қызметкерлері несиені сақтандыруға шақырады. Осы сақтандыруға тереңнен үңілу керек. Несиені сақтандыруды ешкім міндеттей алмайды, яғни ол өз құқығыңыздағы шаруа. Сақтандыру арқылы несиені рәсімдеуге мүмкіндік артпайды, бұл әдетте көп сомадағы несиеге ғана қатысты. Мұндай арбауға сенбеңіз, себебі сақтандыру үшін де қосымша пайыздар төлейсіз. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, банктер бірнеше сақтандыру компанияларымен серіктестік орнатуы керек. Ол не үшін қажет? Клиентте таңдау болуы керек, бірнеше сақтандыру компанияларының тарифін қарап, өзіне қажеттісін таңдауға болады. Ал Қазақстандағы сақтандыру компаниялары банктердің еншілес құрылымдары, яғни банк өз компаниясының табысын арттыру үшін өз өнімдерін мейлінше көбірек сатуға тырысады. Ал шығынға бататын тағы да сіз", - деп сөзін аяқтады Мақсат Халық.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
С. Сатыбалдина