- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Немересі арманын орындады:...
Немересі арманын орындады: 80 жаста Еуропаны аралаған әже жұртты сүйсінтті
80 жаста әлемді аралап, арман орындауға кеш емесін білесіз бе? Бұл қағиданы есінен шығармай, Еуропа елдерін саяхаттап шыққан 80 жастағы Нұрғайни апа үш ел, алты қала мен екі аралға барып үлгерген. Оның айтуынша, мұның бәрі 7 жасар Нәзираның арманынан басталған. Massaget.kz тілшісі зейнет жасында Батыс елдерін бағындырған әже мен оның қалауын орындаған немересі Нәзирамен сұхбаттасты.
Нәзираның айтуынша, ол бұл саяхатты үш жыл бұрын жоспарлаған. Ал әжесіне уәде берген сәтте небәрі 7 жаста болған.
"Кішкентай кезімде, шамамен 6-7 жасымда, тұмау тиіп ауырып қалғаным бар. Сол кезде дәу мамам (әжесі - еск.) күні-түні ыстығымды түсіріп, қасымда болды. Көңілімді бөлу үшін екеуміз барғымыз келетін жерлерді армандап кеттік. Мен одан қайда барғысы келетінін сұрадым. Ол маған "Париж, Венеция" деп жауап берген. Мен "сол шаһарға бару үшін әдемі көйлек, аяқкиім керек қой" дегенім есімде. Сол кезден бала Нәзираның арманы дәу мамасына осы екі қаланы көрсету еді", - деп естелігін бөлісті ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір Нәзира маркетинг компаниясында жұмыс істейді. Кішкентай кезінен ел аралауды, әжесіне әлем көрсетуді армандаған.
Оның негізгі мамандығы - журналист. Ол Air Astana-да жұмыс істеп жүргенде ұшу билетін жеңілдікпен алып, әжесінің қалауын орындауға тырысқан. Алайда бес жыл бұрын әжесі "жасым келді, оның үстіне, ұзақ сапарға шыдай алмаймын" деп бас тарқан. Бірақ үш жыл бұрын Нұрғайни апа райынан қайтып, саяхатқа бел буған. Бірақ 2020 жылы Нәзира берген уәдесін орындауға қадам басқанда коронавирус басталып кетті. Осылайша, оған тағы үш жыл күтуге тура келді.
Нәзираның жеке архивінен
"Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес"
Нұрғайни апа ұшақтан түсіп, қалаларды алғаш көргенде қандай сезімде болғанын айтты. Оның айтуынша, Эйфель мұнарасына кіру үшін 2 сағат кезекте тұрған. Бірақ қаланың әсемдігін көргенде бар шаршағаны лезде басылған.
"Париж, Венецияны көргендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 6 жасар кішкентай Нәзирамның арманы орындалды. Мен соған қуанамын. Маған мұнда бәрі ұнады. Әсіресе, Париждегі тазалық және архитектура. Париж дегенде бірден еске түсетіні Эйфель мұнарасы ғой. Оған кіру үшін 2 сағат кезекте тұрдық. Отыратын орын жоқ. Адам көп болды. Мұнараның жоғарғы қабатына шығып, қаланың әдемілігін көріп таңғалдық. Сена өзені де ерекше. Немереме сондай разымын. Бұл әсем жерлерді көргенде шаршағанымды мүлде ұмытып кеттім", - деді ол.
Бұдан басқа, Нұрғайни апа Франциядағы әйгілі 389 баспалдақты Монмартр төбесіне шыққан. Оған мұндай биіктікке шығуға жанында жүрген адамдардың жылы жүзі мен ықыласы көмектескен.
Нәзираның жеке архивінен
Нәзираның айтуынша, әжесімен саяхаттап жүргенін көрген халық жылы жүзбен қарап, көмегін аямаған. Ол сапар барысындағы қызықтарын бөлісті.
"Халқы сондай керемет. Апаммен жүргенімді көріп, көмек қолын созған адам көп болды. Таудан төмен түсіп келе жатқанда, туристерге арналған пойыз бізді тегін апарды. Венецияда балмұздақ алып жатқанда қазақша тілдесіп жатқанымызды естіп қалған қазақ қызы бізге қымбат балмұздақты тегін берді. Одан басқа, Францияда қонақүй иелері тегін таңғы ас берген. Мен таңғы асты түрлі мейрамханада ішейік деген ниетпен таңғы ас кірмейтін қонақүй алған едім, бірақ әжем таңда тұрып, тіркеу орнынан шай ішіп, дәрісін ішіп алатын. Олар апамды ұнатып қалуы керек, бізге 2 рет тегін таңғы ас ұсынды", - дейді Нәзира.
Нәзираның жеке архивінен
Нәзира ұшақ әуежайға қонғанда ішіндегі толқынысын ұстай алмай жылап жіберген. Оның айтуынша, бұл - қуаныш жасы және өміріндегі жеткен ең жоғары жетістік.
Нұрғайни апа - Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай тумасы, қазір 80 жаста. Ол өмір бойы дәрігер қызметін атқарған.
Бұл - Нұрғайни апаның алғашқы саяхаты емес, бұған дейін ол балаларымен Түркияда, Әзербайжанда, Үндістанда, Біріккен Араб Әмірлігінде, Ресей мен Өзбекстанда болған. Бірақ ең есте қаларлық, жылулыққа толы, ерекше сапары осы болары сөзсіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек