Немеремді балабақшаға беруге қорқамын - Мәжіліс депутаты

Немеремді балабақшаға беруге қорқамын - Мәжіліс депутаты
Фото: коллаж: parla.kz, depositphoto

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заңнамаға білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізуге арналған заң жобасын талқылау барысында балабақшаларға лицензия арқылы бақылау тетігін енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Министр мырза, мұны көпке созуға болмайды. Лицензияны кіргізу керек және біз мына Кәсіпкерлік кодексті алып тастауымыз керек. Балаға білім беретін, тәрбие беретін нысандардың бәрін прокуратурасыз барып тексеруіміз керек. Мен өз немеремді ондай жерге беруден қорқам. Себебі ол ондай жерден қандай адам болып шығуы мүмкін? Ол жерге қандай адам кіріп, жұмыс істеп жатыр? Білмеймін ғой, оның басын қалай улап жатқанын", - деді депутат.

Жаңбыршин аталған мәселеде Мәжіліс депутаттары министрге көмектесуге әзір екенін айтты. 

"Сондықтан ешкімнен де қорықпау керек. Егер сізге депутаттар тарапынан қолдау керек болса, көмек керек болса, біз дайынбыз. Жекеменшік балабақшалар шулайды деп біз лицензияны кіргізбеуіміз керек пе? Олар кім сонша? Мемлекеттің барлық мүддесін ұстап отырған кәсіпкерлер ме? Олай емес. Министрлік мемлекеттік саясатты жүргізу керек", - деді ол.

Өз кезегінде министр аталған мәселе назарға алынып, жақын жылдары нақты шешім қабылданатынын алға тартты. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет