Иппотерапия - жылқымен емдейтін реабилитациялық ем түрі. Ол соңғы жылдары елімізде кеңінен танылып келеді. Massaget.kz тілшісі Алматы қаласындағы иппотерапевт маман, жаттықтырушы Светлана Бегляковамен жылқымен емдеудің құпиялары, пайдасы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелесті.
Светлана Беглякова - Риддер қаласының тумасы. 5 жылдан бері Алматы қаласында иппотерапиямен және ерекше балаларды ат үстінде шабуға жаттықтырумен айналысып келеді. Қазіргі таңда 30-дан аса ерекше баланы жылқымен емдеуге көмектесіп отырған мейірімді жан.
"Менің негізгі мамандығым тау инженері. Бірнеше жыл бойы кеңседе, ресми қызметте істедім. Иппотерапияға немерем үшін келдім. Немерем ерекше диагнозы бар бала. Сол үшін түрлі ем түрін қарастырып жүріп, жылқымен емдеуге болатынын білдім. Кейін біреуге жалынғаннан гөрі өзім үйреніп алсам дедім. Кішкентайымнан жылқы малын жақсы көремін. Немеремнің де емі үшін жылқымен жүрудің пайдасын, құпиясын меңгеріп алдым. Солай негізгі жұмысымды тастап, иппотерапияға көштім", - деп жауап берді ол.
Светлана Юрьевна иппотерапияның адам ағзасына қалай әсер ететінін бөлісті. Оның сөзінше, ерекше диагнозы бар балалар үшін жылқыға міну ең пайдалы терапия.
"Адам жылқыға мінгенде психоэмоционалды жүктеменің барлығы жануарға түседі. Ол сондай сезімтал, мейірімді тіршілік иесі. Бізге көбіне ПДК (ЗПР), аутизм, ақыл-ойының кешеуілдеуі, сал ауруы бар балалар келеді. Біздің мақсат - осындай менталды немесе физикалық кемістігі бар балалардың сауығуына көмектесу. Жылқы жай жүрсе де, шапса да, үстінде отырған адамның қан айналымын қоздырып, белсенділігін арттырады. Адам да жылқының қимылына қарай бейімделеді. Солайша ағза белгілі бір деңгейдегі қажетті өзгеріске түседі", - дейді иппотерапевт.
Балалар ат үстінде жүріп қана қоймай, түрлі жаттығулар жасайды. Саусақтарын қимылдатып, ұсақ қол моторикасын дамытады.
"Балалар көбіне жылқыны жақсы көріп кетеді. Басында үйренісе алмай, жатырқайтындары да бар. Біз оларды қызықтырып, тек атқа мінгізіп қана қоймай, жаттығулар жасатып, қызығушылықтарын арттырамыз", - деді ол.
Маман балалардың арасында жақсы нәтижеге жеткендердің барын айтты. Белсенді ем-шаралардың арқасында бірнеше бала аяққа тұрып, сөйлемейтіндері нәтиже көрсеткен.
"Бір жыл бұрын сал ауруымен ауыратын бір қызбен ем жүргізгенбіз. Иппотерапиядан бөлек, ата-анасы жүзуге және тағы басқа ем түрлеріне апарып жүретін. Жақында күрделі ота жасатты. Жағдайы жақсарып, ақырын-ақырын сөйлеп, өздігінен жүріп те жүр. Үздіксіз жүргізілген ем өз нәтижесін көрсетеді", - деп қосты Светлана Юрьевна.
Иппотерапевт бір терапияның 9 айдан кем емес уақыт үзбей, күніне жарты сағаттан бір рет өтетінін айтты.
"Жылқы 4 сағат тоқтаусыз жүргеннен кейін шаршап бастайды. Кішкентай бала болса да, жылқы жануары энергияны сіңіреді. 4 сағат бойы жылқыны жетектеп жүріп біз де шаршап қаламыз. Сол себепті жануарды қинамаймыз. 4 сағат емнен кейін тоқтатамыз", - деді Светлана Юрьевна.
Сондай-ақ ол иппотерапияға жылқылар арнайы таңдалатынын айтты. Оның айтуынша, жай жүрістегі атпен иппотерапия өткізуге болмайды.
"Жылқының ең бірінші мінезіне қараймыз. Одан кейін бойының биіктігі, жасы деген секілді параметрлеріне қарап таңдаймыз. Асау аттармен сөзсіз жұмыс істеу қиын. Тым жасық болса да болмайды. Бірақ бойының биік болуы маңызды", - деп қосты маман.
Светлана Юрьевна балалармен тек терапия жасап қана қоймай, бірнешеуімен республикалық жарыстарға қатысып, жиі жүлдемен оралады.
Иппотерапия үлкендерге де керек дейді маман. Оның айтуынша, емге көбіне инсульт алған ересектер жүгінеді.
"Инсульт алған ересектердің көбі иппотерапияға жүгінеді. Олардың денесі қозғалысқа келмегенімен миы қимылдарды есте сақтап тұрады. Сол себепті жылқының қимылы, жүрісі оларға физикалық белсенділігінің жақсаруы үшін аса қажет", - деді иппотерапевт.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз