Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты кітабында күйеу баласы Рахат Әлиев туралы да айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Менің отбасымның мүшелері туралы. Олар, өзге азаматтар сияқты, таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық-саяси қызметтер атқаруға және бизнеспен айналысуға құқылы. Сонымен қатар барша қазақстандықтар сияқты, ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас заңға бағынуы тиіс. Бұрынғы күйеу балам, үш жиен немеремнің әкесі Р. Әлиевтің шектен шығу арқылы тек өз отбасын, балаларын, мені ғана емес, тұтас елді сатып кетуі - маған және менің отбасыма орасан қасірет болды. Бұл жағдайды мен және туыстарым қайыспай қарсы алып, оған шығарылған соттың шешімін әділ үкім ретінде қабылдадық. Басқаша болуы мүмкін емес еді" - 2010 жылдың 4 маусымында ел халқына жасаған үндеуімде осылай деп айтуға тура келді", - деп жазылған кітапта.
Нұрсұлтан Назарбаев Рахат Әлиевке сенгенін айтады.
"Мен оған сендім. Қалай сенбейін? Туған күйеу балам. Сөйтсем, ол алдымен қара басының қамын ойлапты. Үстінен іс қозғалды. Сол күндер - менің өмірімдегі өте бір ауыр күндер. Оның ісінің сотқа берілгені, қорғап қалуды сұрап, құдамның келгені, немерелерімді ертіп, көз жасын төгіп, қызымның келгені, әйелімнің өтінгені… Қайтерсің, қаншама қиналсам да, жүрегім қан жыласа да, заңсыздыққа жол бере қоймадым. Кешіруге болатын істер де бар. Оны қарайтын амнистия жөніндегі арнайы комиссия да бар. Кешіруге болатын іс пе оның жасағаны? Адам өлтіруден де тайынбаған екен. "Нұрбанктің" топ-менеджерлері Ж. Темірәлиев пен А. Хасеновті өлтіріп жіберген. Күлкісіз күндерім, ұйқысыз түндерім өтті сонда. Жоғарғы Сот оны 20 жылға түрмеге қамауға үкім шығарды. Бұл кезде ол шетелге жасырынып үлгерген еді. Сол жақта жүріп, қамауға алынды. Түрмеде көз жұмды. Елде заңдылық салтанат құрсын, заң бұзғандарға кешірім жоқ, тіпті олар жақын адамдарың болса да
жазалануға тиісті", - деп жазылған кітапта.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!